Таяуда Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялық және инжиниринг университетінің мәжіліс залында өңірімізге іссапармен келген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен кездесу өтті. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева ашып, кездесуге аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, облыстық білім басқармасы және құзырлы мекемелер мен басқармалар, аудандық және қалалық бөлімдер өкілдері, мектепке дейінгі мекемелер, мектептер, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының басшылары мен педагогтар, балаларының болашағына алаңдайтын ата-аналар жиналғанын айтты. Сондай-ақ ол тамыз мәслихаты қарсаңында өтетін жиналыстың маңыздылығына назар аударды.
Сөз кезегін алған министр бірден Маңғыстау облысына көңіл бөлетінін атап айтты. Ерлан Кенжеғалиұлының айтуынша, қазір қазақ тілінің жағдайы жаман емес, балалардың 70 пайызы қазақ тілінде оқып жатыр. Жоғары оқу орындарына гранттардың 80 пайызы қазақ тілді түлектерге берілген.
- Соңғы 25 жылда бүкіл әлемде елеулі өзгерістер болғаны белгілі, - деді министр. - Компьютер, соңғы технологиялар көз ілеспес шапшаңдықпен дамыды. Бұрын ойымызға да кірмейтін жайттар бүгінде өмір шындығына айналып отыр. Барлық ғылымда, соның ішінде педагогика саласында, әсіресе тіл ғылымында өгерістер көп. Бүгінде интернеттегі көп жарнамалар арасында ағылшын тілін 1 жылда, бір айда немесе бір аптада үйрететін курстар туралы жарнамалар да кездеседі. Бір қарағанда, бұл мүмкін емес сияқты боп көрінгенмен, бұлардың барлығы өтірік дей алмаймын. Өйткені жетілген әдістер аз емес.
Үш тұғырлы тіл саясатының маңызына тоқталған министр оқу бағдарламаларындағы жаңалықтар, оқытудың жаңа әдістері туралы да әңгімеледі.
«Kүнделік (Kundelik)» ЖШС жоба әдіскері Мәншүк Рызиева су жаңа жоба жайын баяндады.
- «Kүнделік (Kundelik)» – қазақстандық АТ-компаниясы, - деді ол. - Бұл — білім беру, басқару мекемелерінің өкілдеріне, мұғалімдерге, оқушыларға, ата-аналарға, білім беру ұйымдарының әкімшілеріне бірыңғай электрондық білім беру аймағының әзірлеушісі. Оның негізгі бағыттары — мектептің білім беру деңгейін жаңғырту; «Педагог-оқушы-ата-ана» коммуникациясын интерактивті дамыту; бірыңғай ортаның ақпарат алмасуын енгізу; мектептің экожүйесін құру және оған қызмет көрсету; қашықтықтан білім беру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету. Жаңа бағдарлама арқылы әр мектептің, әр мұғалімнің жетістігі, журналға қойылатын баға, басқа да мәліметтер көрініп тұрады. Үйде отырған ата-ана да өз баласының сабақ үлгерімі туралы толық ақпарат ала алады.
Жаңа жобаның мүмкіндіктері мол. Білім беру мекемесінің Kundelik.kz сайтындағы визит картасы: әкімшілік тұлғалар, контактілер, жаңалықтар, құқықтық және басқа да құжаттар, хабарландырулар, фотогалерея, форумын көруге, мектеп парақшасы мен оның бөлімдерінің жариялылығын реттеуге мүмкіндік бар. Сабақ кестесін қарапайым әрі түсінікті енгізіп, оны ауыстыруға және өткізілмейтін сабақтарды белгілеуге болады. Мұғалімнің үйреншікті қағаз журналының стандартты көрінісі және оның бірнеше қосымша көріністері көрініп тұрады да, мұғалім кез-келген сабаққа түсініктеме және қосымша материалдар қоса алады. Сонымен қатар үй тапсырмаларын басқарудың интерактивті модулі оларды сыныптың барлығына немесе бөлек оқушыларға беруге, әр түрлі сыныптар үшін тапсырмаларды көшіруге, оларға файлдарды қосуға және орындалу барысын басқаруға мүмкіндік береді. Бұрын мектепте қолмен толтырылған есептер енді автоматты түрде жасалады. Барлық деректер нақты уақыт режимінде жаңартылады.
Кездесуде Bilim Media Group компаниясының атқарушы директоры Санжар Кенжеханұлы компанияда дайындалған білім беру саласына арналған сандық ресурстар туралы мағлұмат берді.
- 2014 жылдан бастап өнімімізді ресми түрде шығарып, пайдалануға жариялаған едік. Сондан бері бізге 751 мектеп қосылды. Компанияның негізгі өнімі саналатын BilimLand.kz сайты үш тілде жұмыс істейді. Алматы, Ақмола, Маңғыстау, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарындағы, Астана және Алматы қалаларындағы интернеттері жақсы, мұғалімдері дайын мектептер бізге қосылған, - деді ол. -Министрліктің қазіргі жоспары электронды ресурстарды ұсынып отырған компанияның білім беретін сандық ресурстарын тегін қосып беру. Интернеті бар мектептер инернет арқылы, ал интернеті шектеулі мектептерге интернетсіз түрін дайындап арнайы кітапша көлеміндегі нана компьютер құрастырдық. Ол интернетке тәуелсіз мектеп ішіндегі локалді желіге қосылу арқылы мектеп қабырғасындағы барлық компьютерлерге орнатылады. ҰБТ-ға дайындалуға арналған ресурсымыз да бар. Ол да интернет арқылы және онсыз да жұмыс істейді. Онда қазақ тілінде 18 мыңнан астам, орыс тілінде 13 мыңнан астам сұрақ базасы енгізілген. Одан тапсырған тест нәтижесі бірден көрінеді. Қатемен жұмыс мүмкіндігі де бар. Қате жасалса, оны қызылмен белгілеп, сұрақтың дұрыс жауабын көрсетіп береді. Сонымен қоса әр тақырып бойынша мемлекеттік стандартқа сай конспектілер де бар. Бастауыш мектептің 8 пәнін қамтитын ресурс та жасалған, бірақ ол қазір тек қазақ тілінде. Келешекте орыс, ағылшын тілдеріне аударылады. Қосымша видеосабақтар да бар. Әр тақырыпты қысқаша, тиянақты оңай етіп көрсетеді. Қазір министрліктер бұл ресурстарды өз күшімен мектептерге тегін жеткізуде. Бұлардың барлығы мұғалімдерді ауыстыру емес, оларға көмекші құрал ғана. Әрі мұғалімдердің үйренуіне де оңай ресурстар. Бір айта кетерлігі, барлық ресурстарда қазақ тіліне екпін беріліп отыр. Заманауи технологияның барлығы қазақ тілінде жұмыс істеуі керек.
Министр Е.Сағадиев білім беру саласының жұртшылықты толғандырған он екі мәселесіне арнайы тоқталды. Өзекті мәселелердің біріншісі 12 жылдық оқыту үлгісіне көшу екендігі анық. Ерлан Кенжеғалиұлы реттік нөмірі он екінші сынып болмайтынын кесіп айтты. Бар болғаны 5-6 жастағы балаларға нөлінші сынып, яғни, мектепалды даярлық ұйымдастырылады да, 12 жылдық оқыту үлгісі «0-сынып + 11-сынып» формуласымен енгізіледі. Және бұл үлгіні енгізу 2019 жылдың 1 қыркүйегінен басталады. Ал биыл мамандарды даярлау процесі басталады. Ата-аналар балаларын өз қалауына қарай 0-сыныпқа 5 немесе 6 жасынан бере алатындықтан 1-сыныпта 6-7 жасар балалар қатар оқиды. Бұл норма ҚР «Білім туралы» Заңында көзделген. Қолданыстағы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын өзгерту жоспарда жоқ.
Екінші мәселе — орыс тілінде білім беретін мектептерде мемлекеттік тілді жаңаша оқыту туралы. Жыл өткен сайын мемлекеттік тілдің мәртебесі артып келе жатқаны шындық. 2016 жылы мектеп түлектерінің 72% ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырды. Қазақ мектептерінде 38 мыңнан астам ұлты қазақ емес балалар білім алады. Алайда, орыс тілді мектептерде балалар 11 жыл бойы қазақ тілін оқығанымен, оны күнделікті өмірде қолданбайтын көрінеді. Мұндағы мәселе оқыту әдістемесіне байланысты. Енді әдістемені өзгерту міндеті қойылды. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы, «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» ДБҰҰ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жетекші ғалымдары мен сарапшылары бірлесе отырып, орыс тілді балаларды қазақ тілінде қарым-қатынас жасауға жеделдете үйрету үшін жаңа әдістеме мен оқулықтарды әзірлейді. Қолданыстағы грамматикалық-аударма әдістемесінің орнын тиімділігі жоғары коммуникативті әдістеме басады. Жаңа оқулықтармен барлық мектептер қамтылады. Ауызша және жазбаша қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөлінетін болады.
Бүгінгі таңда ағылшын тілін оқыту мәселесі де үлкен проблема боп тұр. Биылғы 1 қыркүйектен бастап 1-сыныпта ағылшын тілін оқытудың заманауи әдістемесі қолданылады. Оның оқулықтары дайын, мұғалімдер де оқытылды. Келесі жылдан бастап жаңа әдістеме 2, 5 және 7-сыныптарға, 2018 жылы 6, 8 және 10-сыныптарға да, 2019 жылы 4, 9 және 11-сыныптарға да енгізілетін болады.
2019 жылдан бастап жоғары сыныптарда пәндерді ағылшын тілінде оқыту енгізілмек. Бүгінгі таңда жаһан тұрғындарының басым бөлігі ағылшын тілінде сөйлесетіні белгілі. Интернет мазмұнының жартысынан астамына ағылшын тілінде қол жеткізуге болады. Қазақстанда да ата-аналардың 81% балаларының ағылшын тілін білгенін қалағанымен, олардың тек 34% ғана балаларын тілдік курстарға жіберуге мүмкіндігі бар. Сондықтан бұл мәселемен мектептер айналысуы тиіс.
2020 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындары барлық техникалық және медициналық мамандықтар бойынша ағылшын тілінде оқытуға көшеді. Бұған мектептер дайын болуы керек. 2019 жылға дейін ағылшын тілінде оқытатын кадрлар даярлау жұмыстары жүреді де, сол жылдан бастап 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту тек қана 10-11-сыныптарда енгізіледі.
2016 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1-сыныпта бірыңғай базалық оқулық енгізіледі. Кейін басқа сыныптарда кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірыңғай базалық оқулық енгізу бюджеттік қаржыны үнемдеуге, оқулықтарды жергілікті жерлерге жеткізу жылдамдығын арттыруға, оқулықтардың мазмұнын үнемі жақсартуға, қосымша сандық ресурстармен онлайн қолдануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Оқу бейнематериалдарын қолдану — дәстүрлі оқу процесінің тиімділігін арттыратын ыңғайлы құрал. Оның көмегімен оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыра түсіп, көрнекті және есте қаларлықтай оқытуға болады. Бұл мәселе жайында Bilim Media Group компаниясының атқарушы директоры С.Кенжеханұлы баяндаған болатын.
Сондай-ақ министр шағын жинақты мектептермен жұмыс, ҰБТ-дағы өзгерістер, мұғалімдердің жүктемесі, мектептердің есеп беруін азайту, мұғалімдермен тікелей байланыс мәселелеріне жеке тоқталып, жан-жақты түсінік берді.
Кездесу соңында Ерлан Сағадиев басқосуға жиналғандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Бағдат САБЫР