©
Каспий теңізінің жағалауында cуда құтқару станциясы салынуы мүмкін. Қазіргі таңда жобаға қаражат қарастырылып жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысы Куанар Базарбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangustaumedia.kz сайты. Құтқару станциясын салудың маңызы күн тәртібінен түскен емес. Өйткені 2018 жылы Каспий теңізінде 10 адам қаза болып, 22 адам құтқарылған. Ал 6 зардап шегушіге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілген. Талдау нәтижелері мұның бәрі қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан болғанын көрсеткен. «Рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, қауіпсіздік ережесін бұзу, ересектердің ішімдік ішкен күйде суға түсуі сияқты жағдайлар кездеседі. Балаларды қараусыз қалдыратындар да бар», - деді Куанар Базарбаев ӨКҚ алаңында өткен брифингте. Айта кетелік, Маңғыстау облысы аумағында Каспий теңізі маңында жазғы демалысқа арналған 30 орын бар. Оған Ақтау қаласы және «Кендірлі» демалыс аймағындағы базалар, жағажай аймақтары, балалар лагерьлері кіреді. Теңізде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін МО төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының 4 құтқару бөлімшесі жұмыс жасайды. Олар Ақтау қаласы, Кендірлі демалыс базасында, Түпқараған ауданы және Құрық селосында орналасқан.