Мамандар тұрғындарды меланоманы анықтау үшін тегін тексеруден өтуге шақырады. 4 маусым күні облыс тұрғындары денесіндегі сүйел, мең немесе қалды дерматоскоп арқылы тегін тексерте алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Меланома - денедегі қатерлі ісік. Меланома меланин (қоңыр, қара немесе сары түсті жоғары молекула суда ерімейді) пигменттерін түзетін клеткалардан тұрады. Меланома – өте қатерлі, тез метастаз беретін ісік. Тегін дерматоскопия тексерісінен өту үшін 4 маусым күні Ақтау қаласы 3 шағынаудандағы №26 ғимаратта орналасқан Маңғыстау облыстық тері-венерологиялық диспансеріне келуіңіз қажет. Тексеру таңғы сағат 09.00-ден 12.00-ге дейін жүргізіледі. Түстен кейін сағат 14.00 мен 17.00-дің арасында 26 шағынауданда орналасқан "Денсаулық" медициналық орталығының 3 қабатындағы 15 кабинетінде қабылдау жүргізіледі. Айта кетелік, 21 мамырда дүниежүзілік меланомамен күрес күні атап өтіледі. Қазақстанда бұл күн 4 маусымға ауыстырылған. Осы күні республикада қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында диагностика жүргізіледі.