©
Адам балтыры сыздап, басы ауырса ақ желеңді жанның көмегіне жүгінуге асығады. Хал-дәрмені кетіп, күй-жайы нашарласа лезде жедел жәрдем жетіп, ем-дом жасайды. Жедел жәрдем қызметкерлері үшін жыл мезгілі мен күн райы кедергі болған емес. Тәулік бойғы тынымсыз еңбек тиянақты нәтиже берсе болғаны. Мардымсыз еңбекақыны қанағат қып, қамкөңіл науқас алдында кәсіби парызын адал өтеуге тырысады. Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасы типтік емес ғимаратта орналасқан. Ғимарат конференц-зал, оқу және демалыс бөлмесі, орталықтандырылған колл-центрмен жасақталған. Соңғы санақ есебіне сүйенсек, облыста 690 мыңнан аса халық бар. Жедел жәрдем стансалары облыс сұранысын қанағаттандыра аларлық деңгейде. Бүгінгі таңда жедел жәрдем стансасында 21 бас дәрігер, 135 орта буынды медбикелер қызмет етеді. Қызметкерлердің 5-еуі - дереу қоңырауға тіл қататын диспетчерлер. Үш телефон желісі бар. Сырт көзге оңай көрінгенімен, сымтетік тұтқасындағы жан науқастың хал-күйі және мекен-жайы жайлы нақты дерекке нұсқаулық бойынша 4 минуттың ішінде қанығуы керек. Бұл ауру нышаны мен жеделдігін анықтап, көмек көрсету санатын айыруға, дәл диагноз қоюға мүмкіндік береді. Жалпы 103 қызу желісіне түсетін қоңыраулар 4 санатқа бөлінеді. Адам өміріне тікелей қауіп төндіретін және жедел медициналық көмекті қажет ететін жағдайлар 1-санатқа, денсаулыққа төнген қауіпті сейілту үшін шұғыл көмекке зәру саналатын жағдайлар 2 және 3 санатқа енеді. Ал 4-санат жұқпалы және созылмалы ауру асқынған мезетте кенет халдің нашарлау кезі жатады. Диспетчер ауру белгілері бойынша арнайы бригаданы жөнелтеді. Жедел жәрдем бөлімінде бала дәрігері, жүрек-қан тамыры ауруларын емдейтін кардиолог мамандар, жан сақтау бригадасы мен жалпы дәрігерлер және орта буын медициналық қызметкерлері жұмыс істейді. «Былтыр жедел жәрдем бөлімшелерінде толықтай Адис-KZ жүйесі орнатылып, диспетчерлік бөлім мен барлық ауруханалардың қабылдау пункттері арасында интеграция жасалынды. Барлық қоңыраулар жедел жәрдем стансасына қабылданғанымен 4-санаттағы шақырулар адам өміріне тікелей қауіп төндірмейтін жағдайлар болғандықтан қалалық және аудандық емханаларда арнайы жасақталған бөлімшелерге беріледі. Жедел медициналық көмек көрсету ендігі орында соларға жүктеледі. Десек те Ақтау қалалық №1 және №2 емханалар мен Мұнайлы, Бейнеу орталық аудандық ауруханаларында жедел жәрдем бөлімшелері ашылып, жұмыс істеп жатыр. Облыс бойынша өзге емханаларда әлі күнге дейін 4-санаттағы шақырулар үшін жедел жәрдем бөлімшелері ашылмай тұр. Олар аутсорсинг арқылы көмек көрсету міндетін облыстық жедел жәрдем стансасына немесе басқа мекемелерге жүктеп отыр», – дейді Ғабит Махимов. Апат айтып келмейді. Десек те адамды өлім аузынан арашалау оңай іс емес. Оған батыл жүрек, терең білім мен нар тәуекел қажет. Нағыз маманның қысылтаяң мезетте оң әрекет ете білуі, науқас хәлін дұрыс бағалай алуы оның кәсіби біліктілігіне әділ баға бермек. Медицина – өте күрделі сала. Бұл саланы игеру деңгейі сан жылдық теориялық біліммен өлшенбейді. Көзбен көріп, қолмен ұстап, түйсікпен ұғыну, алуан түрлі жағдаятта өмірлік тәжірибеге негізделген қатаң тәртіпке сәйкес әрекет ету өте-мөте маңызды. Сондықтан жедел жәрдем қызметінде жоғары білімді мамандар, жас фельдшерлер тісқаққан дәрігердің жанында жүріп, көмегіне жарап, қарапайым ем-домда қолғабыс қылуы, яғни біраз уақыт тәжірибе мерзімінен өтуі де қадағаланады екен. «Қызметке қабылданбас бұрын медицина саласында еңбек өтілінің болуы қатаң ескеріледі. Алдымен сынақ мерзімінен, одан соң арнайы комиссиядан өтіп, жұмысқа қабылданады. Әрине, жоғары білімді дәрігерлер жетіспейді. Десек те болашақта жағдай оңаларына сеніміз мол», – дейді Ғабит Жұмағазыұлы. «ҚР ДСМ Жол картасының талаптары мен мемлекеттік индикаторларды орындау мақсатында жедел жәрдем қызметкерлерін халықаралық стандартқа сәйкес оқыту жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Мәселен, былтыр BLS базалық реанимация бойынша 473 маман оқыды. ACLS яғни кеңейтілген өкпе-жүрек реанимациясы стандарты бойынша 413 адам өз біліктілігін арттырды. PALS педиатриядағы кеңей тілген реанимация бойынша 393 адам және PHTLS ауруханаға дейінгі жарақаттарға көмек жүйесі бойынша 402 адам оқытылды. Бұл бастама дәрігерлер мен медбикелердің білімдерін толықтырып, заман талабына сай жаңа құралдармен жұмыс жасау шеберліктерін шыңдай түседі», – дейді станса басшысы Ғ.Махимов. Оның мәліметіне сүйенсек, кәсіби білімді жетілдіру нәтижесінде тәулікке дейінгі өлім-жітім саны 0,21 пайызға азайған. Ең бастысы, жедел жәрдем бригадаларында табысты реанимация көрсеткіші 21 пайызға өскен. Бұл – өте үлкен жетістік. Халыққа сапалы қызмет үшін мекеменің материалдық-техникалық іргесінің мығымдығы өте маңызды. «Бүгінде облыстық жедел жәрдем стансасында 17 автокөлік жұмыс істейді. Арнайы көліктер сан түрлі медицина саласы бойынша түрлі жабдықтармен әрі қажетті дәрі-дәрмектермен қамтылған. Былтыр автокөліктерге GPS навигациялық қондырғысы орнатылды. Бұл жүйе көліктің межелі жол бағытынан ауытқымай, тікелей шақыруға баруын монитор арқылы қатаң бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда шалғай аудандарға қарасты жедел жәрдем автокөліктерінің қозғалысын қадағалап отыру еш қиындық тудырмайды. Жаңа бұйрыққа сәйкес облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасының құрамына барлық қалалық, аудандық және санавиация бөлімшесі біріктірілді. Бір орталықтан басқару жүйесі жасақталды. Бұл – жалпы жедел жәрдем қызметі сапасын жақсартуға жасалған әрекет», – дейді білікті басшы. Былтыр санитарлық автокөліктер сары түске боялды. Бұл жол қозғалысында жедел жәрдем көлігін ерекше айқындап, кедергісіз жүруіне мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде бригадалардың науқасқа жету орташа уақыты 25 минуттан 17 минутқа қысқарды. Жаңа мемлекеттік стандартқа көшу нәтижесінде санитарлық автокөліктердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары 15,5 пайызға азайған екен. Алдағы жылы 8, соның ішінде 2 реанимациялық құрылғылармен жабдықталған және алты санитарлық автокөлік сатып алу жос-парланған. Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасы былтыр атқарған қомақты іс-шаралар нәтижесінде республикалық рейтингте биыл 2-орынға көтерілді. Облыс тұрғындарына көрсетілетін жедел медициналық жәрдем сапасы жыл сайын бұдан да жақсы дәрежеге жететіндігіне басшылық сенім білдіреді.Голрох ЖЕМЕНЕЙ