Химия, физика, биология және информатика пәндерінен сабақ беретін маңғыстаулық 137 мұғалім ағылшын тілін оқып жатыр. ҚР білім мазмұнын жаңарту аясында 2019 жылдың 25 ақпанда басталған курсты Астана Халықаралық Университеті(AIU) ұйымдастырып отыр. 780 сағатқа созылатын курс 9 қарашада аяқталады. Оқыту 2016-2019 жылдарға арналған ҚР Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қолға алынған. Өйткені онда 2019 жылғы оқу жылынан бастап 10-11 сыныптарда кезең-кезеңімен химия, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытыла бастайтыны көрсетілген. Ақтау қаласында мұғалімдерге ағылшын тілін жоғары білікті және тәжірибелі 8 тренер оқытып жатыр, сондай-ақ 3 жоба көмекшісі еңбек етеді. 708 сағатқа созылатын курста ағылшын тілінің A1, A2, B1, B2 (CEFR бойынша) деңгейлері оқытылады. Оған қосымша CLIL пәндік компонент бағдарламасын Ұлыбританиялық British Study Centres (BSC) компаниясы 72 академиялық сағат көлемінде өткізбекші, сондай-ақ қосымша материалды игеруге үстеме 20 сағат қарастырылып отыр. Осындай дайындық мұғалімдерге өздерінің пәндерін ағылшын тілінде сапалы оқытуға септігін тигізеді. Астана Халықаралық Университеті қажетті жағдайды толығымен жасап отыр: оқу үрдісін ұйымдастыру, заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету, кері байланыс ұсыну, тренерлердің сабақтарын қадағалау және әдістемелік кеңестер ұсыну, тренерлер үшін онлайн-конференциялар өткізу, онлайн қолдау көрсету және басқа шаралар іске асырылуда. «Оқу бөлмелелері техникалық құралдармен жабдықталған. Мұғалімдерге ағылшын тілін үйрету үшін ең үздік оқу-әдістемелік материалдар – Oxford University Press басылымының New English File, Third Edition оқулықтары пайдаланылады. Бұл оқулықтар әлемде кеңінен сыналған және осындай қарқынды курстар үшін өте тиімді», - дейді AIU жобаларды жүзеге асыру департаментінің директоры Бауыржан Абуов. 8 мамыр күні Маңғыстау мұғалімдері курстың екінші кезеңін аяқтады. Осы уақыт ішінде олар әрқайсысы 144 сағатты қамтитын Beginner, Elementary (A1, A2) деңгейлерін оқыды. Ұстаздар 17 мамыр Кембридж универстиеті жасақтаған CEPT сынағынан өтіп, ағылшын тілін игеруде жақсы нәтиже көрсетті. «Астана Халықаралық Университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан курста ағылшын тілін үйреніп жатырмын. Біздің тренер - өз ісінің шебері. Тілді оқытуда түрлі әдіс-тәсілдер пайдаланамыз. Бұл курстың маған бергені көп. Мысалы, диалог жүргізу арқылы сөйлеп үйренсек, рөлдерді сомдау арқылы сөздік қорымыз молайып, сөйлеу дағдым қалыптасты. Бар алған білімімді ертең өз мектебімде оқушыларды оқытуда пайдаланамын деп сенемін. Өйткені қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық тіл, ал ағылшын тілі дамыған мемлекеттермен тереземізді теңестіру үшін қажет. Үш тілді меңгеру – заманның талабы», - дейді Қызылтөбе лицейінің физика пəнінің мұғалімі, "Ы.Алтынсарин" және "Ерен еңбегі үшін" төсбелгілерінің иегері Есиркенгалы Альбетов. Бүгінгі таңда мұғалімдер Pre-Intermediate деңгейін үйренуді бастап кетті. Олар келешекте химия, физика, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="80441,80443,80440"]