©
Жыл сайын түрлі санаттар бойынша мектеп бітірушілерге Маңғыстау облысы әкімінің гранты беріледі. Биыл аз қамтылған отбасының балалары үшін 200 грант бөлініп отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Былтыр жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 175 бала ЖОО-да оқуға мүмкіндік алды. Олардың тоқсан пайызы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім және жартылай жетім, сондай-ақ аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар. Қазіргі таңда олар елдегі 13 ЖОО-да кәсіби білім алуда. Айта кетейік, былтыр 54 мыңға жуық мемлекеттік грант бөлінген. Ал бұл жолы мемлекеттік гранттар мамандыққа емес, білім беру бағдарламалар топтары бойынша бөлінеді. Маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысып, шекті 60 балдан жоғары жинаған түлектер білім беру гранттары байқауына қатысады. Бейіндік пән комбинацияларына байланысты жалпы 97 топ бар. Әр пән комбинациясы әртүрлі білім беру бағдарламалар тобынан тұрады. Енді түлектер бейінді пәнге байланысты өзі қалаған білім беру бағдарламалар тобын таңдап, мемлекеттік гранттар байқауына қатысады. «Бұрын мамандық бойынша гранттар бөлінетін еді, биыл білім беру гранттары байқауына жаңашылдық еніпті. Сондықтан ҰБТ-дан кейін түлектерге сертификат пен ақпарттық бетше беріледі. Онда гранттар саны және бейінді пәндері бойынша таңдайтын білім беру бағдарламаларының тобы көрсетіледі. Мұндай ақпараттық бетше арқылы мектеп бітірушілер өзі қалаған мамандыққа таңдау жасай алады», - дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасының мамандары.Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Видеоны Ұлттық тестілеу орталығы дайындаған
https://www.youtube.com/watch?v=1kGkc6MvJ_4