Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда өтіп жатқан жастар форумында маңғыстаулық волонтерлердің қарттарға жәрдемдесіп, 200 мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек көрсеткенін айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Бүгін Қ. Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан-Ресей жастарының халықаралық форумына қатысты. "Қазақстан мен Ресейдің еріктілер қозғалысын ынталандыру үшін халықаралық «Жыл волонтері» сыйлығын құруды ұсынамын. Креативті идеялар мен жобаларға жан бітіріп жүргендерге бұл үлкен демеу болады", - деді Қ.Тоқаев. Екі елдің жастары бас қосқан жиында Президент еріктілер бастаған қайырымдылық істерге оң баға берді. "Елорданың еріктілері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көмек ұйымдастырды. Ақтөбе облысының жастары «150 қайырымды іс» қозғалысын бастады. Маңғыстаулық волонтерлер қарттарға жәрдемдесіп, 200 мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек көрсетті", - деп атап өтті. Форум барысында Президент елде волонтерлардың орталықтары ашылатынын айтты. Айта кетелік, бүгінде Қазақстанда 200-ден астам еріктілер ұйымы тіркелген. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта құрамына 300-дей белсенді жас кіретін президент пулы құрылатынын мәлімдеді. "Ерікті жастарға мемлекеттік қызметтен жұмыс беріледі. Бұдан басқа волонтерларға мемлекеттік қолдау жан-жақты көрсетіледі", - деді Президент.