Қасиетті Рамазан айының құрметіне Маңғыстау облысында қайырымдылық шараларының ауқымы артып, мұқтаж отбасыларға жан-жақты көмектер көрсетілуде. Оразаның алғашқы аптасының өзінде аймақтағы мешіттер тарапынан 200-ден аса мұқтаж жанға әр түрлі көмектер берілген. Бұдан бөлек мешіттерде күн сайын 1500-ден аса адамға ауызашар беріліп жатыр. Маңғыстау облысының өкіл имамы Смайыл Сейтбеков пен ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша «Зекет» қайырымдылық қорының өкілі Өтеген Бегимов әлеуметтік тұрмысы төмен 10 отбасыға қайырымдылық шарасын жасады. Дін қызметкерлері бұл қайырымдылық шараны әдеттегідей мешітте емес, үй-үйді аралап, мұқтаждарға бір айлық азық-түлікті өз қолдарымен табыстады. Өкіл имам Смайыл Сейтбеков мұқтаждарға көмек ай бойы жалғасатынын және барлық жомарт жандарды осындай сауапты іске атсалысуға шақыратынын жеткізді. «Қасиетті Рамазан айының алғашқы аптасында облысымыздағы мешіттер тарапынан 207 мұқтаж жанға қайырымдылық шарасы жасалды. Бұл ретте мұқтаждарды негізінен азық-түлікпен қамту көзделеді және қаржылай да көмектер көрсетіледі. Жалпы бұл шаралар мешіттерде жыл бойына жүргізіліп келе жатқанын көпшілік біледі. Бас мүфтиіміз жыл сайын ел мұсылмандарын Рамазанда ізгілікті істерге атсалысуға шақырып, арнайы Үндеу жариялайды. Рамазан айында біз осы қайырымдылыққа көбірек ден қоямыз және халықты игілікті іске атсалысуға шақырамыз», – дейді Маңғыстау облысының өкіл имамы Смайыл қажы Сейітбеков. Ал көмек алған отбасылар өз кезегінде осынау игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты. Сондай-ақ Рамазан айында облыстағы үлкен мешіттердің барлығында ауыз бекіткен жұртшылыққа ауызашарлар беріліп жатыр. «Ауызашар беру – біздегі игі үрдістің бірі. Облыстық орталық мешітте күн сайын 200 адамға, Ақтау қалалық мешітінде 100 адамға, Мұнайлы аудандық мешітте– 250, Маңғыстау ауылдық мешітінде – 250, Жаңаөзен қалалық мешітінде – 300, Әбіш қожа мешітінде – 200, Теңге мешітінде – 150, Рахат-Ислам мешітінде 150 жанға ауызашар беріледі», – дейді өкіл имам С.Сейтбеков.
Жайық НАҒЫМАШ