Аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Қалдырмұрат Айғарақов пен Атамекен ауылы учаскелік инспекторы Мұрат Қасқырбаев, Басқұдық ауылы учаскелік инспекторы Оңғарбай Ахов екі ауылдағы Қоғамдық кеңестің алдында есеп берді.
Өзінің есеп беруі барысында жергілікті полиция қызметінің басшысы, Кеңес мүшелеріне аудандағы криминогендік ахуал және ағымдағы жылдың алты айындағы жергілікті полиция қызметі жұмысы туралы баяндады.
Қ.Айғарақов құқық қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстарды ашу, құқық бұзушылықтың алдын алу, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қамтамасыз ету бойынша атқаралып жатқан жұмыс туралы айтты.
Кеңес мүшелеріне жол қауіпсіздігін, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету, төтенше жағдайларды ескерту және жою, көші-қон жағдайларын бақылау, сондай-ақ ішкі істер бөлімінің басқа бағыттары бойынша ақпарат берілді.
Сонымен қатар, қылмыстық сот өндірісінің жаңа үлгісі жағдайындағы полицияның жұмысы, «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын орындау мақсатында құрылған жергілікті полиция қызметінің алғашқы нәтижелері туралы мәселелерге тоқталып, Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрағына жауап берді.
Ауыл инспекторлары да жарты жыл ішінде жасалған жұмыстардың баянын айтып, ауыл бойынша біраз деректердің бетін ашты. Атамекендік тәртіп сақшысы М.Қасқырбаев келтірген мәліметтерге сүйенсек, есептік мерзімде ауылдық полиция тірек пунктіне тұрғындарынан 357 арыз-шағым түскен.
− Жыл басынан бері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу профилактикасын жүргізу барысында үй иелеріне есік-терезелеріне қатысты сақтық шараларын жасап, кәсіпкерлік нысандарына бейнебақылау, дабыл белгісі мен темір тор орнату жөнінде ескерту жасалуда,- дейді атамекендік инспектор. Бірақ соған қарамастан ол келтірген мәліметке сенсек, ауылда ең көп жасалған қылмыс – ұрлық. Яғни, 23 факті. Одан басқа 2 алаяқтық, 2 бұзақылық, 2 денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 2 көлік құралын жымқыру, 1 бөтеннің мүлкін қасақана жою қылмыстары орын алған. «In Bet» букмекерлік кеңселерінде заңсыз жасап тұрған 10 дана ойын терминалы тәркіленген. Бұл 5191 үй, 35 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдағы жағдай. Ал халық саны оған қарағанда едәуір аз Басқұдықтағы ұрлық факті одан да асып кеткен, 6 айда 64 ұрлық оқиғасы кездескен. Жалпы 121 қылмыс орын алған. Ауылына қарасты аумақта орын алған осындай құқық бұзушылықтардың салдары мен тергеп, тексерілуіне тоқталған О.Ахов «Аталған деректер бойынша қоғамдық кеңес мүшелері және қоғамдық көмекшілер тарапынан қандайда бір ақпараттар болса хабарланып, ауыл арасында жүргенде әрбір азаматтың өз мүліктерін ашық-шашық қалдырмауы қажеттігі айтылса, қылмыстың алдын алуға үлкен көмек болар еді»,-деді.
Атамекендік кездесуде ауыл тұрғындары Үсенбай, Жұмабек, Еламан ақсалдар ауылдағы бос тұрған орындарға мас адамдардың жиналатыны, аталған жерде ауыл балалары да ойнайтыны және букмекерлік кеңселердің кері әсері туралы сөз етті. Басқұдықтық кеңес мүшелері құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін «полиция достарын» қайта қарау қажеттігі мен жасөспірімдер тәрбиесіне қатаң мән беру керектігін талқылады. Өйткені мұндағы ұрлық қылмысын арттырып отырған негізінен мектеп жасөспірімдері екен.
Есептік кездесулердің соңы Қоғамдық кеңестің ішкі істер органының қызметкерлеріне оң бағасын беруімен аяқталды.
Шахида ЖҰМАН