«Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасын насихаттап, бағдарлама беретін мүмкіндіктерді халыққа түсіндіру бағытында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Зәуреш Нұрболат аудандағы ауыл тұрғындарымен кездесті.
Ауыл жұртшылығымен жүздесуде З.Нұрболат орталық арқылы қандай жұмыстар жүзеге асырылатынына тоқталып, бағдарламаның бағыттары туралы баяндап берді. Айтуынша, «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бірінші бағыты бойынша осы жылы 15 жоба бойынша 410 102,0 теңге бөлінген. «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру» бағыты аясында 14 адамды кәсіпкерлік негіздері курсына оқытып, 51 тұрғынға 153,0 млн теңге несие беру жоспарланған. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарына 30, жастар тәжірибесіне 32 адам жолданған. Аталған жұмыстарда жүрген 31 азамат тұрақты жұмысын тапқан. Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік жұмыстарға 361, ақылы қоғамдық жұмысқа 78, жастар тәжірибесіне 158 адам жіберілген.
− Халықты жұмыспен қамту, әл-ауқатын арттыру мақсатында іске асып жатқан «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасының тұрғындарға берері мол. Ол арқылы өзге облысқа қоныс аударып, мамандығы бойынша жұмыс табуға, баспаналы болуға, өзге де әлеуметтік қолдауға қол жеткізуге болады. Бағдарламамен берілетін несие шарттары да тиімді. Кәсібін дөңгелетем деушілерге бұл таптырмас мүмкіндік. Сондықтан ауыл адамдарына аталған ақпараттарды жеткізу бағытында ауыл аралап түсінік шарасын жүргізудеміз. Әр кездесуден кейін орталыққа келушілер қатары көбейе түсуде,-дейді орталық директоры.
Кездесуге келгендер сұрақтарын қойып, өздерін қызықтырған жайттарды ортаға салды. Солардың бірі жоғары оқу орнын ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған Жансая Куракова.
− Оқуды осы жылы бітірдім. Қолға диплом алысыммен жұмыс іздей бастадым. Маңғыстау және Атамекен ауылдарындағы білім ордаларына хабарласқан едім. Әзірге ешбірінен жұмыс таппадым,-деген Жансаяның мәселесі оң шешімін табуға енді жұмыспен қамту орталығы ұйытқы болмақ.
Шахида ЖҰМАН