©
Қараса көз тоймайтын сұлулық бар, білімдері жетіліп, клешекке кемел көзқараспен, көкірек көкжиектерін кеңейтіп бір топ үздік жас мамандар ауданымызға оралды. Құс қайтқан көктемдей, көңілге көрік берген жастарды Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов өзі қабылдап үздіктерге сәттілік тіледі. Ауданға маман болып орналасуға шақырды.
Аудан әкімінің жыл сайын жоғары оқу орындарын бітірген түлектермен кездесуі, пікір алмасуы жақсы дәстүрге айналғалы үшінші жыл. Биылда «Бүгінгі студент-болашақ маман» атты үздік дипломмен бітіруші болашақ маман иелерімен кездесу жас мамандардың жұмысқа тұруынан бастап, оларды алаңдататын сұрақ төңірегінде ой бөліспен жалғасты. Аудан әкімі 12 тамыз-Халықаралық жастар күні мерекесі аясында ұйымдастырылып отырған кездесуге қатысушы 13 түлекке жақсы тілегін арнап, жастардың алдымен кемшілікті біреуден емес, өзінен іздеуіне кеңес берді. Сонда ғана, елде ілгерлеушілік пен кедергісіз даму, патриоттық рухпен салиқалы сана болатынын сөз етті.
Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Түпқараған аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Садықов Демеген Мертеұлы, Түпқараған аудандық «Азаматтық Бастамасы» ҚБ-нің жетекшісі Ромашева Гүлсім сөз алып, жастарға ақжолтай тілектерін арнады.
Кездесуде түлектер атынан сөз алған Дауталиева Сания Айболатқызы - әл–Фраби атындағы ҚазҰУ-ін филолигия факультеті бойынша магистр дәрежесінде үздік диплом иесі. Мектеп жасынан ауданның қоғамдық-мәдени шараларына белсенді қатысатын Сәнияны ауданда ақын әрі жүргізуші, өлең оқитын өнерлі қыз ретінде жақсы танитын. Жалау Мыңбаев мектебінен түлеп ұшқан талапты қыздың талантын ұштаған өнер ордасы Алматыдағы қара шаңырақ білім ордасы Сәнияны Малайзия, Нидерланд, Мәскеу сияқты шетелдерде білімін ұштауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар лингвист Сәния орыс, түрік, ағылшын тілдерін еркін меңгергенін, жастардың ішінде ер азаматтардың жоғары білімді болғанын қалайтынын ерекше тебіреніспен жеткізді. Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа орналсқан жас маманнан үміт көп, сенім зор. Сәния бағындыратын белес алда екеніне шүбә жоқ.
Сонымен қатар, түлектер арасында мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиешіліктен бастап, физика, математика,география сынды тапшы пән мұғалімдері мен геолог,экономист, аудитор,менеджер, стандарттау және сертификаттау мамандары, дефектолог мамандар бары қуантады. Тек бәріне бірдей жұмыс болсыншы деген тілек бізден.
Жанарлары жарқыл ойнаған, мақсаттары айқын жастардың ауыл мен ауданға оралуы нағыз патриоттың батыл шешімі. Бүгінде соның ішінде үздіктер қала тынысына қарай ұмтылып, түбекке қайтқысы жоқ. Ал, біз ауданға оралған талай жастың жана түсетініне, жұмыстарын жандандыра түсетініне сенеміз! Оларға ақын Мағжан да, елбасы да, өздерінің ата-анасы да сенген.
Аудан әкімін ортаға алып естелік суретке түсті, тілегін қабыл алды, алғыстарын ақтарып тарқасқан үздік түлектер өздері де ертеңіне сене алға қадам басып бара жатқандай көрінді.
Милана ЕЛЕУСІНОВА Суреттерді түсірген автор