©
Жайдарлы жаз туып, табиғат жадыраңқы күйге енді. Қызыққа толы жазғы демалыс күндері де таяп келеді. Жыл сайын Маңғыстау өңірінде 25 мамырдан суға түсу маусымы ресми түрде бастау алады. Отбасы, дос-жаранмен бас қосып, бой сергітіп, суға сүңгуге асыққан халық таң атысымен теңіз жағалауына қарай ағылады. Әсіресе, суда өзін балықтай сезінетін әккі сүңгуірлер мен теңіздің асау толқынына қарсы құлаштап жүзіп, күлкі-қызыққа қарқ болатын балаларда шек болмайды. Суда жүзу, күнге қыздырынып, жағажайда демалу әрине адам денсаулығына пайдасы зор. Дегенмен демалыста сақтық әрі қауіпсіздік талаптарын ескеру аса қажет-ақ. Суда жүзу барысында жағалауда демалушы халық басты қағидаттарды қатаң қадағалауы тиіс. Мәселен, шомылатын теңіз аумағының тазалығы мен тереңдігін мұқият тексеру, қоршау белгілерінен тысқары аумаққа жүзбеу, техникалық ескерту белгілерінің үстіне шықпау, ең бастысы мазасыз, қалжыраңқы, мас күйінде немесе суға тойып түспеу қажеттігін назарда ұстаған жөн. Әсіресе, жастар қызықтың буымен жарыса жүзіп, жағажайдан тым алыстап кеткенін де байқамай жатады. Осындай салғырттық салдарынан су иіріміне тап болып, төтенше жағдай, тіпті адам өлімі болады. Су айдынындағы оқыс оқиғалардың алдын орауда суда құтқару қызметінің еңбегі зор. Адам өмірін аман алып қалу үшін құтқарушылар шұғыл шешім қабылдап, ширақ қимылдауы тиіс. Десек те жағажайда демалуға келген тұрғындар да өз өмірі мен іс-әрекетіне аса жауапкершілікпен қарауы тиіс дейді МО ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушы Әділ Ботабаев. [caption id="attachment_79374" align="aligncenter" width="1024"] Құтқарушы Әділ Ботабаев[/caption] «Құтқарушылардың басты міндеті - су айдынында төтенше жағдайлардың алдын алу және адам өмірін қорғау. Кез келген жан суға түсу мәдениетін білуі қажет. 16 жасқа толмаған балаларға ата-ана өз қарауынсыз теңіз жағалауында демалуына рұқсат етпеуі тиіс. Суға түсуге қауіпті аймақтарда жүзуге қатаң тыйым салынады. Мәселен, Ақтау қаласы бойынша 4-шағынаудан тұсы мен «Шора» су арнасы. Қателеспесем, күні бүгінге дейін «Шора» су арнасы маңында 40-қа жуық адам суға кетіп, мерт болды. Теңіз деңгейінен 3 метрден жоғары аумаққа жүзуге болмайды. Теңіздегі толқын 2 метрден асса құтқарушылар теңізге жіберілмейді. Себебі бұл жағдайда құтқарушының өміріне қауіп төнеді. Суға кеткен адамды өздігінен алып шығуға әрекеттенген адамдар бізге кеш хабарласып уақыт өткізіп алады. Суда оқыс оқиға болса, үрейге бой алдырмай, дереу құтқару, судан адамды алып шығу өте қиын. Ол кезде психолог та, дәрігер де болуға тиіссің», - дейді құтқарушы Әділ. Теңіздің күйін болжап болмайды. Су беті таяз, қауіпсіз көрінгенімен түбі терең иірім болуы мүмкін. Жүзе алмайтын жандар міндетті түрде құтқару күртешесін киіп, белден жоғары аумаққа бармауы тиіс. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында суда құтқару қызметі халықты ақпараттандыру ісіне айрықша көңіл бөледі. Мәселен қаланың орталық жолдары бойына көркем ақпарат құралдары ілініп, мектептер, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында судағы қауіпсіздікті сақтау тақырыбына жоспарлы жиындар өткізіліп, дәрістер оқылады. «Дәрістерде судағы қатерге ұшыраған адамға көрсетілетін алғашқы көмек баяндалады. Яғни, ең алдымен суға батқан адамды қолдан дем алдыру тәсілін қолдану қажет. Жоғары тыныс жолдарын, яғни мұрын, ауыз қуысын, көмекей мен асқазанын судан, шырыш пен балдырдан босату, «ауыздан-ауызға», «ауыздан-мұрынға» ауа үрлеу тәсілін қолдану - аса маңызды. Осы секілді алғашқы көмекті кез келген жан біліп жүруі қажет», - дейді Ә.Ботабаев. Азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісімен облыс бойынша 4 суда құтқару бекеті және сүңгуірлердің жедел құтқару жасағы айналысады. Суда құтқару бекеттері Ақтауда, Форт Шевченкода, Құрық кенті мен «Кендірлі» демалыс орнында орналасқан.Маңғыстау облысының суда құтқару қызметінде басқару аппаратымен қоса есептегенде 56 адам жұмыс істейді. Құрамында диспетчерлер мен құтқарушы денсаулығына бақылау жасайтын медбикелер бар. Жедел-құтқару жасағының материалдық базасын нығайту мәселесі өз шешімін тапқан. Облыс бойынша суда құтқару бекеттері 19 су көлігімен, арнайы сүңгуір құралдар және суда құтқару құрылғыларымен жасақталған. Жедел-құтқару жасағы былтыр 22 төтенше оқиғаның алдын алған. Оның 6-на алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілген. Өкінішке орай, 10 адам, нақтыласақ Ақтау қаласында 6, «Кендірлі» демалыс орнында 2, ал Құрық ауданында 2 адам суға кетіп, көз жұмды. Қазіргі таңда жасақ құрамында 6 құтқарушы-сүңгуір қызмет етеді. Олардың барлығы дерлік өз кәсібіне адал, іске мығым жандар. Адам өміріне қауіп төнген мезетте аса батылдық танытып, лезде қимылдап, көмек қолын созуға даяр. «Қазіргі таңда облыстың жағалау аумағында 20-дан аса жеке жағажай қызмет етеді. Олар жеке құтқару қызметімен жасақталған. Бұл - азаматтардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты талаптың бірі. Жаз маусымында жеке жағажайлар мен демалыс және сауықтыру орындары суға түсу маусымына даярлық барысында жедел-құтқару жасағының қызметіне жүгінеді. Жағажайлар сулары темір-терсектен тазартылады», - дейді кәнігі құтқарушы. Оқырман назарына салатын жайт, қалалық суда құтқару бекеті суда жүзуді үйренем деушілерге, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге тегін дәрістер ұйымдастырады. «Суға кеткен адамды өздігінен алып шығуға әрекеттенген адамдар бізге кеш хабарласып уақыт өткізіп алады. Суда оқыс оқиға болса, үрейге бой алдырмай, дереу құтқару қызметіне хабарласыңыздар», - деп аяқтады өз сөзін Әділ Ботабаев.Голрох ЖЕМЕНЕЙ