Ақтауда "ҚазМұнайГазҒЗЖИ" өндірістік бірлестігіне қарасты жаңа әкімшілік-зертханалық ғимаратының тұсау кесу рәсімі өтті. Іс-шараға мұнай игеру саласының ардагерлері, ҚР Энергетика министрлігі мен “ҚазМұнайГаз” АҚ өкілдері, ірі отандық мұнай-газ компаниялары басшылары, сондай-ақ Қытай, Ресей, Франция, Әзірбайжан мен Украина елдерінен келген ғалымдар ат салысты. Қызыл лента қию құрметі Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ә.Қыраубаев пен мұнай-газ саласы ардагері Ұзақбай Қарабалинге, сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жақып Нәсіпқалиұлы мен ҚР энергетика вице-министрі Махамбет Жолдасғалиұлына берілді. «Баршаға мәлім мұнай және газ өндірісі - өңір дамуының қайнар көзі. Өлкенің өткені, бүгіні мен ертеңі мұнай-газ өндіру және оны өңдеу ісімен тығыз байланысты. Бүгінде Қазақстанның мұнай-газ кешені қарқынды дамып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің мығым іргетасына, қозғаушы күшіне айналды. Қазақстанның дербес ел ретінде бой көтеруінде маңғыстаулық мұнайшылардың қосқан үлесі өлшеусіз. Кезінде Маңғыстауда екі бірдей ірі ғылым институттары жұмыс жасаған болатын. Солардың бірі Ақтаудағы ҚазМұнайГаз ғылыми зерттеу-жобалау институты - мұнай өнеркәсібіндегі жетекші ғылыми орталық. Облыс әкімдігі атынан ҚазМұнайГазҒЗЖИ ұжымын жаңа ғимаратпен құттықтап, ел экономикасын нығайтуда маңызды рөл атқарады деп сенім білдіремін», - деді Ә.Қыраубаев. «Ғылыми зерттеу кешені жобасын жүзеге асыру, ең алдымен, Мұрат Ізбергенұлының бастамасы болатын. Ғылыми ізденісті, тәжірибені қаржыландыру оңай дүние емес. Бүгінгі ғылыми зерттеу-жобалау институтының тарихы тереңде жатыр. Кезінде Өзен, Жетібай, Қаламқас пен Қаражанбас кен орындарында мұнай игеру ісі аса күрделі технология бойынша жүзеге асты. Оңтайлы жолдарын меңгеру үшін ғылыми институт аса қажет еді. Сол жылдары зерттеу-жобалау институты өз жұмысын жоғары деңгейде атқарды. Зерттеу кешенінің қабырғасынан көрнекі ғалымдар, ірі тұлғалар, үздік меңгерушілер түлеп ұшты. Қазіргі таңда да ұжымның әлеуеті өте жоғары. Ғылыми кешен су жаңа әрі озық үлгідегі зерттеу құрылғыларымен жабдықталған. Болашақта да жұмысы нәтижелі, ал мамандары бүкіл елге танымал зерттеушы ғалым ретінде таныларына сенеміз», - деді Ұзақбай Қарабалин. Салтанатты ашылу рәсімі салмақты, мән-маңызы ауқымды ғылыми конференцияға ұласты. Отандық және көршілес елдерден келген мұнай-газ саласының тісқаққан мамандары ғылыми ізденістегі ең үздік табыстары әрі зор тәжірибесімен бөлісті. Мәселен, Махамбет Досмұхамбетов мұнай өндіру көлемі ұлғайған сайын жаңа кен орындарын барлау әрі игеру ісі қиындап жатқанын атап өтті. «Мұнай-газ барлау, өндіру мен өңдеу саласында ғылыми зерттеу үлесі артып келеді. Бүгінгі күні түпкілікті ғылыми зерттеу, шикізат сынамаларын зертханалық талдау нәтижелері және нақты деректер топтамасы арқылы ғана кен орындарын кедергісіз игеру мүмкін болып отыр. ҚазМұнайГазҒЗЖИ - еліміз бойынша осы саладағы жетекші ғылыми кешеннің бірегейі», - деді ол. Өз кезегінде Жақып Нәсіпқалиұлы ғылыми-жобалау институтының жемісті жұмысы нәтижесінде әрі заман талабына сай озық құрылғыларды жұмылдыру, өндіріс ісіне үздік технологияны ендіру арқасында жаңа кен орындарын барлау әрі игеру мүмкін екендігін тілге тиек етті. «Институт тарихына үңілер болсақ, елу жылға жуық уақыт мерзімі көз алдымыздан сырғып өтеді. Түбек қойнауын геологиялық барлау, эксплуатациялау барысында кезігетін қиындықтарды еңсеруде ғылыми зерттеу институтының үлесі зор. Менің ойымша ғылыми институт тарихи миссиясын мінсіз орындаумен қатар оны жоғары деңгейде жалғап келеді. Бүгінгі күн – жаңа ғылыми технологиялардың дәуірі. Ғылым-білімсіз алға даму, өркендеу мүмкін емес. Ғылыми институт жұмысының нәтижелілігі мұнай-газ өндірісі саласындағы табыс, тұрақтылық пен даму кепілі деуге әбден болады», - деді Жақып Марабаев.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
[gallery td_gallery_title_input="Жаңа зертханалық ғимарат " td_select_gallery_slide="slide" ids="79378,79379,79380,79381,79382,79383,79384,79385,79386,79388"]