Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Мұнайлы ауданының №5 орта мектебінде волейболдан облыстық мектеп лигасы өтті. «25 жылдыққа-25 игі іс» іс-шара аясында ұйымдастырылған спорттық додаға Ақтау мен Жаңаөзен қалаларынан, Маңғыстау және Мұнайлы аудандарынан барлығы алты команда қатысып, бақтарын сынады. Жарыс облыстық білім басқармасы мен аймақтық дене тәрбиесі орталығының мұрындық болуымен өтті.
-Салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану-деніміздің сау болуының кепілі. Дені сау ұлт-бәсекеге де қабілетті. Сондықтан да мектеп оқушыларын мейлінше бұқарлық спортқа тартып, денсаулығын нығайту бағытында өткізіліп жатқан жарысқа біз тыңғылықты дайындықпен келдік. Жарысқа барлығы алты команда қатысуда. Біздің ауданның командасын менімен бірге Дауыл Рахманов деген азамат да дайындады. Бұл жарысқа біз жаз маусымы басталғалы күніне екі рет дайындалдық. Бұған дейінгі облыстық жарыстарда біз екінші, үшінші орындарды иеленген болатынбыз. Бұл жолы намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрініп, ауданымыздың абыройын арттырамыз деген сенімдемін. Жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін,-дейді Маңғыстау ауданының команда жаттықтырушысы Əділбек Кенжеғалиұлы.
Командалық ұйымшылдықты, ширақ қимыл мен шеберлiктi талап ететін жарыста командалар жеңіс тұғырынан көріну үшін барын салды. Тартысты өткен жарыс қорытындысында шебер ойын үлгісін көрсеткен, жанкүйерлердің қошеметіне ие болған Маңғыстау ауданы Шетпе кентінің командасы бірінші орынды қанжығалап, жарыс жеңімпазы атанды. Команда құрамында болашағынан үлкен үміт күттіретін жеткіншектер Саламат Жайлаубаев, Ербол Жұмаханов, Нұрсұлтан Аманжолов, Алмаз Жайлаубай, Мейірбек Алпанов, Нұрлыбек Исатаев, Эльдар Маратов, Шыңғыс Алдоңғаров, Құрмет Мейірбанов, Марғұлан Хамзин, Таңат Мейірман, Төремұрат Сəрсенов бар. Енді аталмыш команда күзде Алматы қаласында өтетін республикалық жарысқа қатысып, өңір намысын қорғайтын болады.
-Бірінші орынды иеленгенімізге өте қуаныштымыз. Бізді жарысқа дайындаған жаттықтырушыларымызға ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз. Бүгінгі жарыста алдымен ақтаулық командамен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жеттік. Мұнан кейін мұнайлылық қос команданы да 2:0 есебімен ұтып, жеңіс тұғырынан көріндік. Енді бізді Алматыда өтетін үлкен жарыс күтіп тұр. Тыңғылықты дайындықтың нәтижиесінде жеңіске жетіп, облыс намысын абыроймен қорғаймыз деп ойлаймын,-дейді команда капитаны Мейірбек Алпанов.
Сондай-ақ, Мұнайлы ауданының қос командасы екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Жарыс жеңімпаздары кубокты иеленіп, мақтау қағаздары, медальдармен марапатталды.
Венера МИРЛАН