Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесті. Достық үйінде өткен кездесуге сегіз ардагер қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстау өңірінен сұм соғысқа 6 мыңнан аса азамат аттанған еді. Оның 4200-ге жуығы елге оралмады. Қазір ардагерлер саны жыл өткен сайын азайып бара жатыр. Бүгінде облысымызда көзі тірі 16 ардагер ғана бар. «Кездесуге сегіз ардагер келді. Олар мерекелік дастарханнан дәм татып, соғыс жылдарынан сыр шертетін бейнероликтерді тамашалады. Сонымен қатар 22 этномәдениет орталықтың мерекелік бағдарламасына куә болды», - дейді Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Сонымен қатар облыс әкімі шара аясында ардагерлерді мерекемен құттықтады, соғыста қасық қаны қалғанша соғысқан жауынгерлердің ерлігі мәңгі ұмытылмайтынын айтты. «Құрметті ардагерлер, бұл – Отан қорғау жолындағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың қайсарлығы мен қаһармандығының мерекесі. Сіздердің майдан шебіндегі теңдессіз ерліктеріңіз бен табандылықтарыңыз ғасырлар бойы жасай береді. Жылдар бойы сұм соғысқа шыдай білгендерді жылына бір рет емес, сағат сайын құрметке бөлеу біздің парызымыз», - деді Ералы Тоғжанов. Қазір Маңғыстау облысындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері толықтай тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Бұл – ардагерлерге көрсетер құрмет-қошемет те айрықша екендігін аңғартады. Сондай-ақ Отан үшін от кешкен, қан майданда қаймықпай, қайсарлықпен күрескен батырлардың ерлігі ұмытылмайды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="78777,78778,78779"]