©
Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Маңғыстау облысына келгендер саны 2,3 пайызға өссе, ал облыстан көшіп кеткендер саны 4 пайызға азайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық статистика департаментінің басшысы Римма Утюшева айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «2019 жылғы қаңтар-ақпан айларында Маңғыстау облысына тұрақты тұру үшін 5639 адам келген. Олардың 1124-і Ақтау қаласына қоныстанса, 778 адам Жаңаөзенді таңдаған. Бейнеу ауданына - 382 адам, Қарақия ауданына - 275 адам, Маңғыстау ауданына - 223 адам, Түпқараған ауданына - 345 адам көшіп келген», - деді Римма Утюшева. Келушілердің басым бөлігі Мұнайлы ауданында қоныстанған. Мұнда 2512 адам тұрақтаған. Осы кезең ішінде облыстан 5047 адам көшіп кеткен, соның ішінде Ақтау қаласынан 1820 адам, Жаңаөзеннен 819 адам, Бейнеу ауданынан 381 адам, Қарақия ауданынан 293 адам, Маңғыстау ауданынан 197 адам, Түпқараған ауданынан 259 адам қоныс аударған. Қоныс аударушылардың да басым бөлігі Мұнайлы ауданында. Бұл ауданнан 1278 адам көшіп кеткен.