©
Маңғыстауда жыл басынан бері халықтың саны 0,5 пайызға өскен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық статистика департаментінің басшысы Римма Утюшева айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 2019 жылғы 1 наурыздағы есеп бойынша Маңғыстауда 681 469 адам тұрады, оның 270 947 (39,8%) қала тұрғыны болса, 410 522 адам (60,2%) ауылды мекен етеді. «2019 жылғы қаңтар-ақпан айларында Маңғыстауда 3115 нәресте дүние есігін ашқан. Оның 1609 - ер бала, 1506 - қыз бала. Сәбилердің 868-сі Ақтау қаласында туған. Олардың 439 - ұл, 429 - қыз. Жаңаөзенде 697 (380/317) нәресте өмірге келді. Бейнеу ауданында 351, Қарақия ауданында 180, Маңғыстау ауданында 171, Мұнайлы ауданында 704, Түпқараған ауданында 144 сәби дүниеге келді», - деді Римма Утюшева. Осы кезең ішінде облыста 466 адам қайтыс болған. Қаңтар-ақпан айларында облыс халқының табиғи өсуі 2649 адамға жетті, соның ішінде Ақтау қаласында - 685 адам, Жаңаөзенде - 615 адам, Бейнеу ауданында - 302 адам, Қарақия ауданында - 156 адам, Маңғыстау ауданында - 145 адам, Мұнайлы ауданында - 629 адам, Түпқараған ауданында - 117 адам. Жылдың алғашқы екі айында Маңғыстау өлкесінде 1333 шаңырақ құрылып, 489 отбасы ажырасқан.