Ақтау қаласында орналасқан Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді. Үшемнің анасы 35 жастағы Камшат Төребекова - Жаңаөзен қаласының тұрғыны. Бақытты отбасы бұған дейін үш бала – 2 ұл, бір қыз өсіріп отыр екен, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығына сілтеме жасап. Үшемдердің біреуі – ұл бала, салмағы 1090 грамм болса, екі қыз баланың бірінің салмағы 1990 грамм, екіншісі 2500 грамм екен. Дәрігерлердің айтуынша, қиындықтарға байланысты жүктіліктің 7 айында келіншекке кесер тілігі отасын жасауға тура келген. Ота сәтті өтіп, анасы бөбектерін бауырына алды. Анасының да, бөбектердің де жағдайы бірқалыпты. Жас ананың айтуынша, үшемді болатынын жүктіліктің алғашқы аптасына білген. Жүктілік кезінде отбасы мен туған-туыстары болашақ ананың күтімін жасаған. Отағасы жүргізуші болып жұмыс істесе, келіншек үй шаруасында екен. Қазір шала туған нәрестелер дәрігерлердің бақылауында. Дәрігерлердің қарауының арқасында бөбектер аздаған салмақ қосқан. Бөбектер қатайған соң үйге шығарылады.