Маңғыстау облысында сатушысы жоқ 100-ден аса "адалдық дүкені" бар. Соның екеуі Ақтау қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мен қалалық полиция басқармасында ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Ақтау қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы «адалдық дүкенінің» ашылуына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасының тең кураторы Нұргүл Жанназарова, «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Ербол Байжігіт, қалалық мамандандырылған ХҚКО басшысы Мұрат Тасиров және жоба жетекшісі Киікбай Ешманов, сондай-ақ мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. Салтанатты шара барысында тұрғындар қызығушылық танытып, «адалдық дүкеннің» алғашқы саудасын жасады. Сондай-ақ калькулятор қоюға ұсыныс білдірді. Ал Ақтау қаласы Полиция басқармасындағы «адалдық дүкенінің» ашылуы Агенттіктің аумақтық департаментінің басшылығы, Полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов, орынбасары Жанар Ерғалиева мен қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Дүкеннен кез келген азамат адалдық қағидасына сәйкес арнайы төлем жасайды, осылайша қалаған затын алады. "Ақтау қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына күніне шамамен 1500 адам қызмет алады. Демек айына 30 мыңға жуық адам орталыққа келіп, кетеді. Ал полиция басқармасында 600-ден астам қызметкер мен келуші дүкеннің саудасын жүргізеді", - дейді Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі. Қазіргі таңда аталған дүкеннің саны жүзден асты. Алдағы уақытта да халық көп жиналатын орындарда «адалдық дүкені» ашылады деп жоспарлануда.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА