Елім деп еміренген, жерім деп жұлқынған қаншама қазақ азаматтары сұм соғыс басталысымен қан майданға аттанып, туған елінен жырақта ажал құшып, жат жерде жерленген. Киелі түбек Маңғыстаудан шыққан Тайбағар Ерішов те әскер қатарына ілініп, ерлікпен соғысып, қаза тапты. Қайғы тұнған қара қағаз елге жетсе де, қазақ сарбазының мәйіті із-түзсіз жоғалған еді. 73 жыл өткен соң ғана өшкен үміт жанып, жауынгердің зираты Ресей елінен табылды.
Бір уыс топырақ туған елінен емес, Ресейден бұйырған маңғыстаулық сарбазды ұрпағы Ерболат Қойбағаров 2013 жылдан бастап іздеген. Алдымен ол батырлардың есімі тізілген «Боздақтар» кітаптарын ақтарып, онда тек «Ершов Т. – кейінгі тағдыры белгісіз» деген сөздерді тапқан. Үміті үзіліп, көңілі алай-дүлей болды, қанағаттанбады. Ізденісін тоқтатпады. Тайбағардың көзін көргендер қатары сирейгеніне қарамастан тоқсанды алқымдаған ардақты ақсақалдарды, ақ жаулықты әжелерді сөзге тартып, сансыз сауалдар жаудыртқан. Бұл тынымсыз еңбек өз жемісін беріп, біраз мәліметке қаныққан.
-Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойында «Боздақтар» кітабының жаңартылған нұсқасы жарияланып, оның ішінен ресейлік сайт туралы хабардар болдық. Ғаламтор кеңестігін шарлап, атамыз Тайбағардың фамилиясын жазуда кедергілерге кезіктік. Арғы атамыздың есімі Еріш болса, оның әкесі Айтша болған. Біз Айтшаев, Айтшов, Ерішов, Ерішұлы деп жазып көрдік. Бірақ біреуі де дұрыс болмады. Орыстар атамыздың тегін өзгертіп, «і» әрпін түсіріп, «Ершов Тайбагар» деп жазған екен. Жазған бойда атамыз туралы барлық мәлімет шыға қойды. Соғысқан полкі, қаза болған жылы, жерленген жері...,-дейді Е.Қойбағаров.
Тайбағар Ерішов 1903 жылы Маңғыстау ауданының Қаратау бөктерінде туған. Еріштің отбасында Қойбағардан соң дүниеге келген. Ағасы Қойбағардан Итемген деген ұл туғанда, Тайбағар Ақтиін арумен отау көтерген. Алайда екі жастың ортасында бала қалмаған. Тайбағар еңбекке білек сыбана кірісіп, сан түрлі жұмыстарға араласты. Сұрапыл соғыс басталмас бұрын 1939 жылы «Маңғышлақ көмір тресі» өндіріс ошағы пайда болып, Таушықтан бірнеше қашықтықта шахталар ашылып, көмір өндіру қызу қолға алынды. Бұл іске қосылуды көздеген Тайбағар Таушыққа көшіп, көмір қазды. Тепсе темір үзетін ер азамат онда көп істей алмады, 1942 жылы 4 қыркүйек күні әскерге алынып, соғысқа аттанды. 254-ші атқыштар дивизиясы, 929-ші атқыштар полкіне қосылған ол Новгород облысындағы Демянск, Старая Русса жерлері үшін жанкешті күрес жүргізді. Алайда жауынгер өмірі қамшының сабындай қысқа болды. 1943 жылдың 23 ақпан күні неміс басқыншыларына қарсы шабуыл кезінде ерлікпен қаза тапты.
«Хабар-ошарсыз кеткен інісін зарыға күткен Қойбағар атама 1943 жылы қара қағаз келеді. Таушықтағы ақсақалдардың естеліктері бойынша суық хабар жеткенде атамның үйіне адамдар келген. Олар Қойбағар атамның қайғырып отырғанын көріп, не болғанын сұрағанда, ол: «Інімнің қазасына налып отырмын» деп айтқан екен»,-деп ақтарыла сөйледі Ерболат Итемгенұлы.
Істің тігісін жатқызған соң Қойбағаров әулеті бірігіп, Таушық жеріндегі Үйтолы әулиесінде Тайбағардың жұбайы Ақтиін жатқан жерге белгісін қойып, ірі, уақ малын сойып, үлкен ас берді. Маңғыстау аудандық әскери комиссариат арқылы Ресей елінің, Новгород облысының әскери комиссариаты бөлімінің басшысына шығып, жерленген жерін нақтылау, есімін бекіту мақсатында хат жіберді. Нәтижесінде Ресей тарапынан жауап келді, қазақ сарбазын екінші қайтара жерлеген екен. Тайбағар Ерішовтің мәйітін әуелі Новгород облысы, Парфинский ауданы, Сорокино ауылында жерге тапсырған. Кейін 50-60 жылдары 11 мыңдай жауынгердің сүйектерін бір жерге топтастырып, Новая деревня ауылындағы зиратқа апарып қайта жерлепті.
Ерболат Қойбағаров аталған жерге жетіп, атасының зиратын көріп, кіндік кескен жерінен бір уыс топырақ бұйыртқан. Рухына Құран бағыштап, дұға оқыған. Көк туымызды желбіреткен. Одан соң мемлекеттік жалауды сондағы мұражайға тапсырып кеткен. Таушық ауылының әкімімен сөйлесіп, Таушықтың орталық саябағында орнатылған ескерткіш-белгіге соғыстан оралмаған боздақтар қатарына есімін қосып, жаздыртқан. Ендігі жоспары - жерленген жерінен әкелген бір уыс топырақты жұбайы Ақтиін зиратының топырағымен араластыру.
Өлім мен өмір арпалысқан қатерлі күндерді бастан кешірген атасына тағзым етіп, қай жерде жерленгенін келер ұрпаққа аманаттау – басты парызым дейді Ерболат аға.
-1 желтоқсан – Президент күнінде дүниеге келген ұлымның есімін Тайбағар деп қойдым. Ата есімі көкейімнен кетпеді. Сондықтан да Отан үшін отқа түскен атамның рухы өшпесін, есімі мәңгілік жасасын, ұрпақтар жадында сақталсын деп, ұлыма осы есімді таңдадым. Әкем Итемген 1997 жылы 44 жасында өмірден озды. Бар аяулы армандарын сыр-сандықтай жүректе сақтап, айтпай кетті. Оның да көңілін кірбің етіп, жүрегін сыздатқан – атамыздың жатқан жері еді. Бірақ оны іздеуге мұршасы болмады, 13 жасында әке-шешесінен тұл жетім қалған ол біздерді аяққа тік тұрғызуды ғана ойлаған. Мен осы асқақ арманды орындап, атамыздың жатқан жерін тауып, рухын риза еткенім көңілімді марқайтады,-деп түйіндеді сөзін Ерболат Қойбағаров.
Ханым ҚУАТ