Ауа райының құбылып, жаңбырдың толассыз жауғаны әсерінен қала ішіндегі көптеген жерлерде шалшық су пайда болып, жүргіншілерге кедергі болып отыр. Осыған орай, Ақтау қалалық әкімшілігінің нұсқауымен «Қала жолдары» ЖШС қызметкерлері түнгі кезекшілікке шығып, қаланың ең көп су жиналатын «Дукат» ТҮК, «Оазис» ТҮК, «Дина» гипермаркет қиылысы мен «Кеден», «Олжа» сауда орталығы, «Тамшалы» ТҮК, «Виктория» қонақ үйі, орталық Мешіт, Сары базар және автомобиль жолдарында су сору жұмыстарын жүргізді. Осы мақсатта қазір барлығы 126 жұмысшы, 8 мотопомпа мен 4 бойлер автокөлігі жұмылдырып отыр. https://youtu.be/tqaByGgANR4 Жоғарыда аталған аймақтарға әлі де су сору жұмыстар жүргізілуде, дегенмен шағынаудандар ішіндегі шалшық сулар тартылмай тұр. Қала тұрғындарының өтініші негізінде біз де шағынаудандарды аралап, су жиналған жерлерді аралаған болатынбыз. 11 шағынаудан, 22-тұрғын үйдің ауласы суға толып, көпқабатты үйге кіріп-шығу қиындап отыр. 12 және 27 шағынаудандар аумағынан да осы секілді жағдайды көптеп кездестірсе болады. «Қала жолдары» ЖШС қызметкерлері жаңбырдың толассыз жаууы әсерінен жұмылдырылған техникалар суды сорып үлгере алмай жатқанын алға тартады. Жаңбыр толығымен тыйылмайынша аталған мекеме қызметкерлері түнгі ауысымда да жұмыс жасай беретінін жеткізді.
Мадияр ТӨЛЕУОВ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="76557,76559,76560,76554,76558,76556,76555"]