Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағасын абаттандыру жұмысы одан әрі жалғаса бермек. Жағалау бойында тұрған яхт-клуб шаһардың көркін бұзбау үшін жолды ашып, қоршауын алып тастауы керек. Кейбір әлеуметтік желілерде яхт-клуб "бұзылуы мүмкін" деген ақпар тараған. Бірақ әкімдік "Бриз" яхт-клубы бұзылмайтынын мәлімдеп отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Бүгін әкімдікте өткен брифингте Ақтау қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Маңғыстау Қойшығұлов, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бекнұр Балиұлы, "Бриз" яхт-клубының мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Сол жерде әкімдік теңіз жағалауын абаттандыру аумағы 1 шағынауданнан «Солдат» жағалауына дейін созылатынын айтты. «Қалалық құрылыс бөлімінің тапсырмасымен бекітілген абаттандыру жобасы бар. Сол жоба бойынша теңіз жағалауы абаттандырылып жатыр. Бекітілген жоспарға сәйкес қазіргі яхт-клубының сыртқы түрі ескірген және жағалауды көркейтудің жалпы тұжырымдамасына сәйкес келмейді», - дейді Ақтау қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Маңғыстау Қойшығұлов. Ал Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бекнұр Балиұлы яхт-клуб қоршауды алып, тұрғындардың әрі-бері өту үшін жолды ашу керектігін айтты. Жағалаудың бірыңғай стилі болуы керек екен. Яғни теңіз жағасындағы әрбір ғимарат қаланың сәнін одан сайын асырып тұру қажет. Бұған дейін "Бриз" яхт-клубының директоры Сергей Кулькин құрылыс бөліміне өз жобасын көрсеткен. Алайда оның ұсынған эскизі мақұлданбапты. «Яхт-клубтың жерді жалға алу мерзіміні 1 жылдан кейін аяқталады. Егер олар бір жыл ішінде қолда бар құрылыстарды жақсарту бойынша өз жобаларын ұсынса, жағалауды абаттандыруға түзетулер енгізуге дайынбыз», - дейді құрылыс бөлімінің өкілдері.