Бүгін - 2 сәуір бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күні. Аутизм мәселесіне халықтың назарын аударту мақсатында жыл сайын дүниежүзінде «Light It Up Blue» (Көк түсті жақ) ұранымен флешмоб өтеді. Биылғы флешмобтың өтетін орны жаңбырдың толассыз жаууына байланысты орталық алаңнан Абай атындағы мәдени-демалыс кешеніне ауыстырылды. Аутизм дертіне шалдыққан баласы бар ақтаулық ата-аналар акциясына жүзден астам отбасы қатысты. «Арда-Ақтау» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шарада аутизм туралы ақпарат берілді. Елуден астам ерекше бала өнерін көрсетті. Сондай-ақ ерікті жастар да балалардың назарына көңілді бағдарламасын ұсынды. Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2018 жылы облыста аутизмге шалдыққан 173 бала болған. «Отбасымызбен бірге күнде қызымызбен гитарамен өлең айтамыз. Көшеде жүргенде де өлең айтып жүреміз. Осы Ақтау қаласындағы «Оқушы орталығының» би өнеріне, тігін өнеріне, гимнастикаға барып жүрді. Осы ұйымды жүргізіп жатқан ата-аналарға рахметімді айтамын», - дейді осындай ерекше бала тәрбиелеп отырған ананың бірі Айнұр Әліпбаева. Айта кетелік, бұл флешмоб 2010-шы жылдан бері әлемнің түкпір-түпкірінде өткізіп келеді. Шарлардың көк түсі аутизм жайында ақпарат тарататын Аutism Speaks қоғамдық ұйымының символикасы ретінде таңдалынған. Ал 2 сәуір - аутизм не аутистикалық спектрдің бұзылуы (АСБ) туралы ақпарат таратудың бүкіләлемдік күні ретінде 2007 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен жарияланған. Аутизм балаларда ақыл-естің кеш дамуы, сөйлеуінің кешеуілдеуі түрінде байқалады. Аутизм - бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, оның нақты себептері анық зерттелмеген. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="76541,76540,76542"]