Қаламқас кен орны №8237 ұңғымасындағы жалын тоқтаған соң апаттық-жою жұмыстарының жоспары жасалды. Қазір мамандар ұңғыманың сағасындағы қысым мен ауадағы газдың құрамын тексеруде. Ұңғыманың төңірегінде грифондар байқалмайды. Бүгін ұңғыма сағасындағы газ-ауа ортасында жасалған өлшем метанның жоқ екенін көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Кен орнында өрт шыққаннан бері «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ЖШС-нің «Ақберен» Маңғыстау филиалының 4 жедел-алдын алу жұмысы жөніндегі инженері және 15 құтқарушыдан құралған жедел тобы кезекшілік атқарып отыр», - деп мәлімдеді «Ақберен» Маңғыстау филиалының баспасөз қызметі. Бүгін кен орынға «Ақберен» Маңғыстау филиалынан «Камаз-43118» базасындағы жылжымалы жөндеу шеберханасы, бұранда кесуге арналған станциясы бар гидравликалық құрылғы, қолмен тұрба кескіш, станциясы бар гидравликалық гайкакескіш сынды бірқатар техника мен құрал-саймандар жеткізілген. Комиссияның шешімімен өртенген ұңғыманы жоюға дайындық жүргізу «Ақберен» Маңғыстау филиалының құтқарушыларына тапсырылып, қазір бөлшектеу жұмыстары жүруде. Дәл қазір ақберендіктер ұңғыма сағасы мен атындыны болдырмау жабдығының элементтерін кезекшілік тәртібімен бөлшектеуге кіріскен.
Суреттерді баспасөз қызмет ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="76235,76230,76233,76231,76234,76232"]