"Қаламқас" кен орнындағы өртті сөндіру мүмкін болмады. Мамандар таңға дейін кіреберіс жолдарға құм төккен. Бүгін өрт сөндірушілер жану ошағын оқшаулауға қайта кіріседі, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты "Лада" газетіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау бөлімінің бастығы Бекболат Әбдіқадыровтың айтуынша, кеше екі газ-су сөндіруші автомобильдің көмегімен сөндіруге тырысқан. "Бірақ жану ошағы мен көліктер орналасқан жердің арасы тым қашық. Осыған байланысты аумақты топырақ үймесімен қоршау және жану ошағымен арадағы қашықтықты қысқарту үшін арнайы техникаға арналған кіреберіс жолды ашу жұмыстарын жалғастыруға шешім қабылданды", - деп атап өтті Бекболат Әбдіқадыров. Естеріңізге сала кетейік, кеше Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақтауда құзырлы орган өкілдері біріккен брифинг беріп, жағдайдың бақылауда екенін, жедел топ жұмыс жасап жатқанын, отты сөндіру үшін Атыраудан қосымша техника алдырылғанын жеткізді. https://youtu.be/ml5cErEB5oI