Ақтауда шахматтан қалалық ашық чемпионат өтті. Оған Маңғыстау мен Атырау облыстарынан келген 99 шахматшы қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Чемпионат 3 категория бойынша болды. Бұл жарыста 10 жасқа дейінгі, 14 жасқа дейінгі кәсіби шахматшылар және open категориясында әуесқойлар қатысқан. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="75844,75842"] Жас ерекшелігі шектелмеген әуесқой шахматшылар арасында ақтаулық Шыңғыс Кенжебаев жеңімпаз атанса, 2-орынды Серікбай Қашағанов пен 3-орынды Исламбек Бердалиев иеленді. Ал 14 жасқа дейінгі кәсіби шахматшылар арасында Айдана Күшбай 1-орынды алса, 2-орынды Алан Тасмұханов пен 3-орынды Ақниет Ермеков еншіледі. 10 жасқа дейінгі кәсіби шахматшылар арасында 1-орынды Назар Талғатов пен 2-орынды Самира Айтешова қанжығалады. Ал Арыслан Жекенов үштікті қорытындылады. Сонымен қатар жарыста 8 жасқа дейінгі балалар да қатысқан екен. «Жас жұлдыздар» номинациясында 1-орынды Нұрдәурен Қуанышбек алса, ал қыздар арасында Айдана Абужарова жүлделі болды. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="75847,75846,75845"] «Жарыс тартысты өтті. Олардың бұл спорт түріне қызығушылығын ояттық деген ойдамын. Ақтауда облыстық турнирлер жыл сайын болса, қала чемпионатын алғаш рет өткіздік. Өзге облыстан да шахматшыларды шақырдық. Өйткені маңғыстаулық спортшылардың деңгейі өскенін қаладық. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді. Ақтауда алдағы уақытта бұдан өзге маусым айында шахматтан Қазақстан Республикасының балаларының кубогы өтеді», - дейді Маңғыстау облыстық «Дебют» шахмат мектебінің директоры Анвар Шайхымов. Турнирге қатысқан 72 жастағы шахматшы Хасен Мұртазин әуесқойлар қатыса алатын турнирлерден қалыс қалмайтын жеткізді. «Шахматқа бала кезімнен қызығып ойнайтынмын. Ми дамытатын спорт түрімен айналысуға жастарды да шақырғым келеді. Бастысы ой-өрісін кеңейтіп, ойлау қабілетін дамыту қажет», - дейді Хасен Мұртазин. Айта кетелік, бұрын жарыс 9 кезеңнен тұрса, бұл жолы 11 кезең болды. Сондай-ақ жарыста ойыншылар асықпай ойлануына 25 минут берілген. Анвар Шайхымовтың айтуынша, 9 кезеңде 1 рет қателессе, жеңіс тұғырына шығу қиын. Ал 11 кезеңнен тұратын жарыста 1-2 рет қателессе де басып озуыңа болады. Сол себептен бақылау уақытын да ұзартқан. Бұл шахматшылар тәжірибе алсын деген мақсатта жасалған.
Ақкенже БЕРКЕНОВА Суретті А. Шайхымов ұсынды