©
Ұлттық экономика министрлігі мал дәрігері, орманшы, кітапханашы, іс жүргізуші мен көше тазалаушы сияқты 643 мың маманның жалақысын 30%-ке көбейтуге уәде етті. Былтыр соңғы тоқсанда қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 176,1 мың теңге болды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға көп. Инфляцияны есептегенде сатып алу қабілеті 2,1%-ға өскен,– деп мәлімдейді mangystaumedia.kz сайты energyprom.kz сілтеме жасап. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, елдегі ең жоғарғы орташа жалақы Атырау облысында – 320,5 мың теңге (бір жылда 11,2 % өскен). Маңғыстау облысындағы орта жалақы 278,7 мың теңге (бір жылда 3,4 % өскен) және елордада – 267,8 мың теңге (бір жылда 1,7 % өскен). Ал, төртінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметі (364,7 мың теңге), ғылым және техника (332,5 мың теңге) және ақпараттық-коммуникация саласы (261,7 мың теңге) саласында төленген. Сонымен қатар, теңіз және жағалау жүк көлігі секторындағы мамандардың ең жоғары жалақысы 980,5 мың теңге болса, су көлігі мамандары 766,9 мың теңге алады. Дегенмен көліктік логистика секторы тұтастай алғанда жоғары жалақы төленетін салалардың қатарында емес. «Ең қымбат» мамандардың үштігіне міндетті мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру, мемлекеттік басқару, қорғаныс және әлеуметтік қамсыздандыру саласының қызметкерлері кіреді.Жұлдызай ҚАЛИЕВА