Якутияда өткен Азия балалар ойындарында тағы бір жерлесіміз топ жарып, түбекке жүлдемен оралды. Алтыншы рет халықаралық деңгейде өткен жарыстан балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің шәкірті, жас атлет Арина Мишеева күміс медальді иеленді. Төрт жылда бір рет өткізілетін дүбірлі додаға 45 мемлекеттен «мен мықты» деген 3000-ға жуық спортшылар қатысып, бақтарын сынаған болатын.
-Жарыста үш түрлі жүгіруден бағымды сынадым. 20-дан астам атлеттің арасынан дараланып шығып, жүлделі орынды иеленгеніме өте қуаныштымын. Жаттықтырушым менен бұдан да жақсы нәтижие күткенін білемін. Өйткені, дайындық кезінде көрсеткен уақытым үздік болатын. Алтынды иеленуіме сәл ғана уақыт жетпей қалды. Алдағы уақытта әлі талай жарыстарда топ жарып, елге алтынмен ораламын деген сенімдемін,-дейді 14 жастағы желаяқ Арина Мишеева.
Арина жеңіл атлетикадан бөлек, 2010 жылдан бері полиатлонмен айналысады. Жас спортшы өткен жылы Сочида полиатлоннан өткен Әлем чемпионатында топ жарып, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, Шымкент қаласында өткен ҚР чемпионатынан да 1-орынды еншілеп, жаттықтырушылар үмітін ақтады.
-Немеремнің халықаралық жарыстан жеңіспен оралып отырғанына өте қуаныштымын. Немерем Арина 2015 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл жаңалығы» аталымымен марапатталып, бәрімізді бір қуантқан болатын. Өзім Ақтау қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінде жұмыс жасағандықтан немеремнің де спортпен айналысып, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленгенін қаладым. Сондықтан да спортқа өзім жетелеп әкелдім. Арина-болашақта жеңіл атлетикадан белгілі бапкер болғысы келеді және мен оның арманының жүзеге асатынына сенемін,-дейді Аринаның әжесі Марина.
Сонымен қатар, Азия балалар ойындарынан аталмыш спорт мектебінің шәкірті, жас балуан Нұрбек Қуанышұлы қола медальмен оралып, облыс мерейін өсіргенін бұған дейін жазған болатынбыз.
Венера МИРЛАН