Қарақия ауданының Құрық кентінде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Жарыс «Денсаулық жолы» аясында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы мен облыстық санаторлық мектеп-интернатының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Тоғызқұмалақ, бес тас, жаяу көкпар, қол күрес, қазақша күрес, арқан тарту, асық ату бойынша өткізілген жарысқа мектеп-интернатының 60 тәрбиеленушісі қатысып, бақтарын сынады.
Айгүл Әбдеш жетекшілік ететін «Жауқазын» тобының қыздары би мен вокалмен айналысады. Бұл жолы топтың жетекшісі қыздарын жарысқа бес тас бойынша дайындады. Жарыс қорытындысында топтың белсенді аруы Ақмарал Пердешова бапкерінің үмітін ақтап, бірінші орынды қанжығалады.
- Жарыс өте қызықты өтті. Маған сенім артқан ұстаздарым мен жанкүйерлерімнің үмітін ақтау үшін барымды салдым. Нәтижиесінде жүлделі орынды иелендім,-деді Ақмарал Пердешова.
Тартысты өткен жарыстардың қорытындысында қазақша күрестен Дәурен Ерденбай, қол күресінен Әділет Оңай, тоғызқұмалақтан Ақтолқын Пердешова, асық атудан Сәлімжан Орынбай үздік танылып, жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, арқан тартудан «Барыс» командасы, жаяу көкпардан «Тұлпар» командасы мықтылық танытып, бірінші орынды иеленді. Жарыс жеңімпаздарына алғысхаттар табысталып, бағалы сыйлықтар берілді.
- Мұндай жарыс мектеп-интернатында осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Жарысқа барлық оқушылар белсенді қатысты. Сонымен қатар бүгінгі шара барысында «Жастар жетістігі» қоғамдық қоры әлеуметтік тапысырыс аясында оқушылар мен ұстаздарға арнап жіті ішек ауруларының алдын алу бойынша ақпараттық жұмыстарын жүргізіп, аурудан сақтанудың жолдарын түсіндірді,-деген облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы директорының орынбасары Бану Ұзақбаева орталық атынан облыстық санаторлық мектеп-интернатының директоры Мая Шарипованы алғысхатпен марапаттады.
Шара соңы облыстық санаторлық мектеп-интернатының дайындаған шағын концертімен қорытындыланды.Венера МИРЛАН