©
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде Президенттік өкілеттігін тоқтататынын, сайлауға өткенге дейін уақытша ҚР Президентінің міндетін Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын айтты, - хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. "Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметінде қала беретінін мәлімдеді. "Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қызмет ете беремін. Халқымыздың қамы - менің мүддем болып қала береді. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы менің міндетім - басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізде жаңғырту процестерін жалғастыратын болады», - деді Н.Әбішұлы.