Ақтаудағы 40 жылдық тарихы бар Yessenov University Амал мерекесін жаңалықтармен қарсы алды. Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық салаларына мыңдаған маман даярлап отырған университеттің студенттер саны биыл үш есеге артқан. Бүгін университет алаңына 5 факультет, 1 колледж атынан және ректораттың атынан 7 киіз үй тігіліп, сахна және алтыбақан құрылды. Қонақтарды өнерпаз студенттер ән мен жырдан шашу шашып, қаз-қатар тізілген келіндер сәлем етіп қарсы алды. Амал тойға жиналған қонақтарды және университет ұжымы мен студенттерді оқу орнының ректоры Б.Ахметов құттықтады. Сахнада студенттер баланың өмірге келген сәтінен бастап, есейіп-ержеткенге дейін жасалатын салт-дәстүрден көрініс көрсетті. «Құда түсу» дәстүрін Базалық факультеті, «Қыз ұзату» дәстүрін Инжиниринг факультеті, «Беташар» дәстүрін Педагогика факультеті, «Бесікке салу» дәстүрін Бизнес және құқық факультеті, «Тұсау кесу» дәстүрін университет колледжі көрсетсе, той аясында «Ең үздік сахналық қойылым», «Ең әдемі ақбоз киіз үй», «Ең әдемі киім - ұлтының киімі», «Ең ұзын шаш» байқауы өткізіліп, гір тасын көтеру, арқан тарту, қошқар көтеру сайыстары мен «Есенов барысы» палуандар сайысы өтіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықпен марапатталды. Амал тойы концерттік бағдарламамен жалғасты. Сонымен қатар, мереке күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында университетте тарих факультеті студенттері үшін шежіреші, шешен-би, ауызша тарихшы Алшын Меңдалиев аудиториясы мен Жаздырхан Сейдалиев аудиториясы ашылды. Шараға құрметті қонақтар, облыс ардагерлерімен бірге А. Меңдалиевтің және Ж. Сейдалиевтің туысқандары қатысты. Айта кетелік, А. Меңдалиев 1937 жылдан репрессияға ілігіп, өмірінің 25 жылын кеңестік лагерлерде өткізіп, тоталитарлық қоғамнан жеңілмей елге оралып, халқына қызмет еткен, қызыл өкіметті мойындатқан халық ұлы. Қазақ халқының, оның ішінде Маңғыстау қазақтарының басынан кешірген тарихи оқиғаларының ізін зерделеген өлкетанушы. Маңғыстау қазақтары адайлардың рулық генеалогиясын, шежіресін қағаз бетіне түсірген алғашқы автордың бірі. Ж. Сейдалиев - қоғам қайраткері, көп жылдар ауыл-шаруашылығы саласында басшылық қызмет атқарған. «Парасат» қозғалысының жетекшісі, «Халықтық келісім» ҚБ бірінші төрағасы болған. Амал мерекесіне орай университетте «Каспий» жастар кәсіпкерлігін қолдау орталығы ашылды. Бұл орталықта студент жастар тың идеясы мен жобасын сөз жүзінде қалдырамай, нақты іске айналдырады. Жас кәсіпкерлер мен оқытушылардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін арттырып, стартап идеяларды табысты бизнеске айналдыруды көздейді. Мұнда кәріс тілі, латын тілі, ағылшын тілін үйренуге де мүмкіндік жасалған.
Суреттерді түсірген Қ. Абитов