Аймақтағы 141 мектептің 75-іне мониторинг жасалып, мектеп директорлары кең кабинеттерін босатып жатыр. Мониторингті «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлері және арнайы мониторингтік топ мүшелері жүргізген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Ақтау қаласындағы №21, №29 және Жаңаөзен қаласындағы №9 мектеп директорлары шағын кабинетке көшірілді. «Ақтаудағы №21 орта мектеп директорының қызметтік бөлмесі – 47 ш/м, ал қабылдау бөлмесі – 13 ш/м екені анықталып, бірінші қабаттағы шағын бөлмеге көшірілді. Босаған бөлме балаларды қосымша оқытуға берілді. Енді директордың қызметтік бөлмесін жаз маусымындағы күрделі жөндеу кезінде «Open space» технологиясы бойынша жабдықталады», - деп мәлімдеді ҚР МҚІжСЖҚІ агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің баспасөз қызметі. Жаңаөзен қаласында - 5, Мұнайлы ауданында - 12, Бейнеу ауданында - 8, Ақтау қаласында 4 мектептің (№17, 21, 23, 29) директорлары шағын кабинетке көшіріліп, босаған бөлмелер оқушылардың шығармашылығына, қосымша оқыту үшін берілген. Департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Нұргүл Мұқатайдың айтуынша, мектеп, аурухана, емхана, колледж, балабақшалар мен басқа да мекемелердің басшылары халыққа жақын болу мақсатында кең кабинеттен бас тартып, бірінші қабатта орналасқан шағын бөлмелерге көшуде. «Президент Қазақстан халқына жолдауында тиімсіз бюджеттік шығындарды оңтайландыру қажеттігін айтты. Жолдаудағы тапсырмаға сәйкес, 2018 жылдың ІV тоқсанында мемлекеттік органдар пайдаланатын алаңдарға мониторинг жүргізіліп, артық алаңдар оңтайландырылды», - дейді ол. Мұндай мониторингті өзге мекемелерге де жүргізу көзделген. Босаған кабинеттер қосымша білім беру, факультативтік оқыту үшін пайдаланылады.