Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкіметтің жұмыс тобы Мемлекет басшысының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Маңғыстау облысына келді. Жұмыс тобының құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов, сондай-ақ БАҚ өкілдері бар. Жұмыс сапары Жаңаөзен қаласынан басталды. Мұнда «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, азаматтардың әл-ауқатын көтеру және әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруды талқылау бойынша қала тұрғындарымен кездесу өтті. Жаңаөзен қаласының халқымен кездесуді аша отырып, Премьер-Министрдің орынбасары Г. Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған шаралар кешенін қабылдауды тапсырғанын атап өтті. «Бүгінде Елбасының "Әлеуметтік қамқорлық" жаңа әлеуметтік шаралары іске асырылып жатыр. Олар халықтың аз қамтылған топтарын барынша қолдауды және табысты арттыруды, кірістері төмен азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуді, білім беру мен денсаулық сақтаудың сапасы мен қолжетімділігін арттыруды, өңірлерді дамытуды көздейді», — деді Премьер-Министрдің орынбасары. Жаңаөзен тұрғындарымен кездесу барысында Үкіметтің жұмыс тобының мүшелері азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсартуға, өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған жаңа шаралар туралы айтты.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН