©
Бейнеуде «Дана» супермаркетінен 3 күн бойы 2 шөлмектен, барлығы 6 шөлмек арақ ұрлаған адам ұсталған. Алайда айыпталушы А. жәбірленуші Е-ге келтірілген шығынын толық өтеп, медиация тәртібімен татуласты. Қылмыстық іс Бейнеу аудандық сотында қаралған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Сотта анықталғандай, 2019 жылы ақпан айының 11, 12, 13-күндері Бейнеу селосындағы «Дана» супермаркетінен әр күні 2 шөлмектен, барлығы 6 шөлмек «Пшеничная» арағын ұрлаған. Оқиға болған жерден бой тасалап кеткен. Салдарынан жәбірленуші Е-ге 6600 теңге материалдық шығын келтірген», - дейді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі. Аудандық сотта ҚР ҚК-нің 187-бабының 1-бөлігімен айыпталушы А-ға қатысты қылмыстық іс қаралған. Алайда сот қаулысымен А. медиация тәртібі бойынша жәбірленушімен татуласып, келтірілген шығынды толық өтеген. Соған байланысты ҚР ҚК-нің 68-бабының 1-бөліміне сай қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс өндірісі тоқтатылды. Әзірге қаулы заңды күшіне енген жоқ.