Ақтаудағы аялдамаларға электронды кiтапхана стендi орнатылды. Қазiр пилоттық жоба ретiнде орталық кɵшелердегi 6 аялдамаға қондырылған. Жоба Ақтау қалалық әкімдігінің қолдауымен қолға алынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Электронды кітапты 17 шағынаудандағы "Атис" баспасы маңындағы 3 аялдама мен 3 "Б" шағынаудандағы "Адвер" баспасының маңындағы 3 аялдамаға да орнатқанбыз. Барлығы 6 аялдамаға қондырылды. Тақтада ұсынылған кітаптардың ішінен ұнағанын оқу үшін азаматтардың интернет желісіне қосылған ұялы телефоны болса жеткілікті. Бұл жерде Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі, сондай-ақ өзге де кітаптардың қазақша, орысша, ағылшынша электронды нұсқасы бар», - дейді Ақтау қаласының әкімдігінің цифрландыру бөлімінің бас маманы Данияр Шакиров. Әлем мен қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасын, поэзия жауһарларының электронды нұсқасын оқу үшін «Play market» немесе «Аpple store-дан» QR код reader сканерлеуге арналған мобильді қосымшаны тегін жүктеп алу қажет. Ұялы телефонға ұнатқан кітаптың сілтемесі ғана жүктеледі, сілтемені басқанда Kitap.kz сайтына өтеді. https://youtu.be/uYm0Z0RxkPM Сонымен қатар аялдамаларда балаларға арналған қиял-ғажайып ертегілердің, ересектерге психологиялық кітаптардың электронды нұсқасы орнатылған. «Kitap.kz республикалық сайтында көп оқылған және сұранысқа ие кітаптардың электронды нұсқасы аялдамада тұр. Кейбірінде аудиоформат түрі қондырылған. Яғни оқырман тек оқып қана қоймай, сүйікті кітабын тыңдай алады. Алдағы уақытта тек аялдамаларда ғана емес, әлеуметтік ғимараттардың жанына орнатпақпыз», - дейді Данияр Шакиров.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН