Үкімет мүшелері халықпен кездесу үшін осы жылдың алғашқы тоқсанында өңірлерге аттанады. Бұл туралы Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Алдымен батыс өңіріне - Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарына барамыз. Сол жерлерде жеке қабылдау болады», - деді Гүлшара Әбдіқалықова. https://youtu.be/-Wjarme0ufY Президент Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының 18-ші съезінде үкіметке бірқатар міндеттерді жүктеген еді. «Жаңа әлеуметтік бастамалар жарияланды, оларды үш бағытта жүреді: табысты арттыру және аз қамтылған тұрғындарды қолдау; кірісі аз отбасыларды баспанамен қамту, білім мен денсаулық сақтау саласының мәселелері; өңірлерді дамыту. Бұл міндеттерді шешу үшін үш жылға 2,3 трлн теңге қаражат бөлінеді», - деді Г.Әбдіқалықова. Вице-министрдің айтуынша, түсіндіру жұмысына көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта барлық министрлік атқаратын жұмыстарының жол картасын әзірлейді. «Келесі аптадан бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін үлкен топ болып өңірлерге аттанамыз. Оның ішінде осында отырған министрлер де бар», - деді Гүлшара Әбдіқалықова. Вице-премьердің айтуынша, түсіндіру тобы Қазақстанның барлық өңірлерін аралауға ниет білдіріп отыр. Мәселен, Білім және ғылыми министрі ауылдық мұғалімдермен кездессе, Денсаулық сақтау министрі медицина саласының қызметкерлерімен жүздеседі. Сонымен қатар өңірлердегі ХҚО-лар мен Жұмыспен қамту орталықтарының жұмыстары қаралады. https://youtu.be/oGMVujFFl-A «Қазақстандағы 4 миллионнан астам отбасының кіріс деңгейі әр түрлі. Әрине, барлығы да қолдау күтеді, бірақ ең алдымен көмек мұқтаж отбасыларға көрсетіледі. Қалған отбасыларды жеке қараймыз, атап айтқанда жұмыспен қамту, кәсіп бастау үшін несие беру, үйден жұмыс істеуге мүмкіндік ашу сияқты қолдаулар көрсетіледі», - деп атап өтті вице-министр.