Бүгін 5 наурыз күні әлеуметтік желілерде карьерден құм тиеп бара жатқан ауыр жүк көлігінің аударылып қалғаны түсірілген видео тарап кетті. Әлеуметтік желі қолданушылардың айтуынша, бұл видео Бейнеудегі карьерлердің бірінде түсірілген болуы мүмкін, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. https://youtu.be/fWInx2T7gOI Видеода тиелген жүкті көтере алмай, ауыр жүк көлігі аударылып кеткен. Зардап шеккендер бар ма, жоқ па белгісіз. Видеоның соңында видеоны түсірген адам аударылған ауыр жүк көлігінің есігін аша алмай жатқаны бейнеленген. Біз осы оқиғаға байланысты Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметкері Азамат Сәрсенбаевқа хабарласқан едік. Оның айтуынша, ешкім жедел-жәрдем шақыртпаған, дәрігерлердің көмегіне жүгінбеген. МО Төтенше жағдайлар департаменті бұндай оқиға тіркелмегенін алға тартады. Сонымен қатар біз бұл оқиғаға қатысты МО Полиция департаментінің баспасөз қызметкеріне хабарласқан едік, бұл факті тіркелгенін мәлімдеді. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610 бабының 1 тармағына сәйкес, "көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген жүргiзушiлердің жол жүрісі қағидаларын бұзу" бойынша факті тіркелді", - дейді Полиция департаментінің баспасөз қызметкері. Сондай-ақ жүргізушіге 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуы немесе 6 айға дейінгі мерзiмге көлiкті басқару құқығынан айыруы мүмкін. Tengrinews сайтының хабарлауынша, оқиға 4 наурыз күні Бейнеуде "Рәббім-Құрылыс" ЖШС тас карьерінде болған. Карерьердің иесі - Рәббім Борашов екен. Ал ауыр жүк көлігінің жүргізушісі - ҚР азаматы, 1983 жылы туған Нұрлан Дардиев. Оның жағдайы жақсы, аман-есен. Техникаға жеңіл зақым келген екен.
Скрин видеодан алынды