Бүгін отставкаға кеткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Премьер-Министрдің ресми порталына сілтеме жасап. https://youtu.be/V74IvyyLUB4 "Бүгін Үкімет отставкаға кетті. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалап, бүгінгі биіктерге жеткізген Елбасы халқының өсіп-өркендеуін әрқашан ең басты қағида ретінде ұстанып, әрбір шешімін мемлекет пен халықтың мүддесі тұрғысынан қабылдап келеді. Мемлекет құру оңай жұмыс емес. Жас мемлекетті түрлі қайшылықтар мен қақтығыстардан аман алып өтіп, тарихи өлшеммен алғанда тым қысқа мерзімде осындай абыройлы Ел ету шын мәнінде шексіз құрметке лайық. Елбасы — еліміздің сан мың жылдық тарихындағы ең жауапты кезеңде халқымыздың бағына берген ұлы да жасампаз тұлғасы. Сол себепті, халқымыз баянды бүгіні мен жарқын болашағын тек қана Елбасының есімімен байланыстырады. Өткен екі жарым жыл бойы Үкімет тізгінін тапсырып, жоғары сенім білдіргені үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шынайы алғысымды білдіремін", - деді Б.Сағынтаев. Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, "Үкімет отставкаға кетуге тиіс деп санаймын", - деген еді. Осыдан соң Үкімет отставкаға кетуге шешім қабылдап, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Үкіметінің орнынан түсуі туралы Жарлыққа қол қойып, Премьер-Министрдің міндетін уақытша атқаруды Асқар Маминге жүктеді.