©
Қызметкері басынан жарақат алып ауруханаға түскен Ақтау қаласындағы "Айналайын" балабақшасының директорына айыппұл салынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына сілтеме жасап. Естеріңізге сала кетейік, 14 ақпан күні сағат 18.00 шамасында Ақтаудағы «Айналайын» балабақшасының қызметкерлерінің бірі басы жарылып, ауруханаға түскен еді. Дәрігерлер оған жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, сол шақ шекесінің жарақаты диагнозын қойған. Сол кезде әлеуметтік желіде қызметкерді директордың ұруы мүмкіндігі айтылған еді. Бұған тәрбиешінің балаларға бірнеше апта бойы дұрыс тамақ берілмегенін айтқаны себеп болыпты. Бірақ балабақша басшысы мұны жоққа шығарды. Дегенмен, оқиғадан кейін балабақша уақытша жабылып, құзырлы органдар тексеруді бастады. Ал балаларға Ақтаудағы 9 балабақшадан орын ұсынылып, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов барлық ауыл, қала әкімдеріне 1-3 және 3-6 жас арасындағы балалар баратын бақшаларды тексеруді тапсырды. Осы оқиға бойынша әкімшілік іс Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралды. "Айналайын" балабақшасының директорына ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігімен (денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) айып тағылған. Сотта анықталғанындай, 14 ақпан күні сағат 17.00 шамасында тәрбиешісімен сөзге келіп қалған директор оның басынан ыдыспен ұрып, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірген. "Балабақша директорының кінәсі сот сараптамасымен және куәлердің жауаптарымен дәлелденді. Сот қаулысымен Г. ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 37875 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды", - деп мәлімдеді соттағылар. Қаулы әлі заңды күшіне енбеген.