Бүгін қала халқы Ақтаудағы Ауған соғысы құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ресми шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов, ауған соғысының ардагерлері мен қала тұрғындары, мектеп оқушылары қатысты. "Біз бүгінгі тыныштығымыз үшін сіздерге қарыздармыз. Бүгінгі ұрпақ сіздерді мақтан тұтып, ерлігіңізді ешқашан ұмытпайды. Жас ұрпақ ауған соғысы ардагерлерінің ынтымағы мен ауызбірлігін өздеріне үлгі тұтады", - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары М. Сқақов. Он жылға жуық созылған ауған соғысы кезінде 22 269 қазақстанлық жауынгер өзінің интернационалдық міндетін атқарған. 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО Қарулы күштері Ауғанстанға кіргізіліп, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес Одағының әскері ауған жерінен шығарылды. Міне, содан бері тура 30 жыл өтіпті. Ресми деректерге сүйенсек, қазақ елінен аттанған 19 жауынгер із-түзсіз жоғалып кеткен, 924 сарбазға ауған жерінен топырақ бұйырған. Ал 1015 азамат елге мүгедек болып оралған.
Суреттерді Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72348,72345,72347,72351,72349,72346,72344,72350"]