©
Бүгінде Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченкоға келген қонақты жаз болса, "Захар бағына" апартынымыз бар. Захар Дубский бұл жерге келмей тұрып бақ болды ма, болса кімнің бағы болды екен деген сұрақтар бұл жерге табанын тигізген әр адамға да қызық болуы керек?!
Құлама жартасты шатқалда орналасқан бақтың теңізбен астасып жатқан әдемі көрінісі мен мұндағы күкірт суын атқылап тұрған кішкене бұлақты бұрқағы бұл жерді ерекшелей түседі. Күкірт суының емдік қасиеті бір бөлек әңгіме. Осы бұрқақтан атқылаған күкірт суына арнайы тері ауруларынан айығу үшін жер-жерден келушілер көп.
Осы қалада айдауда болған украин ақыны,суретшісі Тарас Шевченко суреттерінің көрінісін сырлы бояуда сырға толтырып, табиғатты суреттеуге шабытын оятқан бұл жерлерде "Мыс Қарағантүп", "Каспийдегі бұлттың су ішуі" деген сияқты туындылары дүниеге келген. Тіпті Тарастың екінші салған суреті осы бақты суреттейтіндігін Есбол Өмірбаев айтып кеткен болатын.
Тарастың тұстасы полковник Косаревтың "Шевченко туралы естелігінде" көрсетілген қорған осы бақ сол кездегі қорғанды мекендеушілер қолымен салынғандығы және осы қорған Қаңдыбай деген шалдың бағы болғаны айтылады екен. Бұл деректі зерттеген Есбол Өмірбаев 1849 жылы Алексей Белунин Қаңдыбайға аздаған ақша беріп, ие болып, садқа қарауыл әрі бағбан етіп Қаңдыбайдың өзін көндіргендігі жөніндегі мағлұматты "Маңғышлақ бағы" деген мақаласында жариялайды. Сонымен қатар, осы мақалада Алексей Белунин бақты қоршағанын, су қоймасын да жасағандығы айтылады.
Қаңдыбай бағын кейін 1884 жылы орыстың купеці Захар Дубский 300 сомға сатып алып, бұл бақты байлардың демалыс орнына айналдырады. Бақтың ортасына верандалы үй салады.Көп қаражат бөліп, Астраханьнан арнайы қара топырақ алдырып, жерін өңдейді. Жеміс ағаштарымен бірге бақшаны кеңейтіп, үлкен жұмыстар жасайды.
Содан бері "Захар бағы" аталған бұл жер Кеңес үкіметі кезінде С.М.Киров атындағы қара шаруа-жұмысшы мектебінің жанынан ашылған детдом балаларының қарауына беріледі. Кейіннен елдің бәрі ерекше еске алатын "Арай" жазғы демалыс орыны осы жерде ұйымдастырылып, талай пионердің жазғы демалысының куәсіне айналған орын болады. Аудан пионерлернің ыстық та ұзақ жазғы демалысыныа таптырмас орын бүгінде лагерь де емес, емес те емес болып тұрған жәйы бар. Өзгенің иелігіне өткеніне де екінші он жылдыққа кетіп барады. Сатылып кеткен бұл әдемі жер "мемлекет қорғауында" деген ана бір белгінің маңдайында жазылған күйі қалғаны болмаса, алған ие кім екені белгісіз. Белгісіз жан иелік ететін бұл бақтың жағдайына жаз сайын барып, демалып кетушілер де ойлап жатқан жоқ.
Иесі белгісіз бұл жердің киесі де бар. "Арай" болып тұрғанда да аңыз өргізген бұл бақта бүгінде кәлимаңды тілге келтіре жүрмесең, бойыңды бір қорқыныш билейді. Қарауылды үйде қаңырап бос тұр. Түрлі дыбыс пен елестің елсіз далада болары мүмкін. Ел ауызында елесті аймақ, демалушылардың әлі де сүйікті орыны.
Дәл осы қарауылдар үшін салынған үйдің алды бақ арты теңіз. Баққа барар жолда "Монах шоқы", "Кемпір тас" аталған анау аңызды тастан, "Теңіз сервис" ЖШС мекемесінен, Аташ елді мекенінен өтесіз.
Туристерді тілсіз табиғатымен тартатын тартымды жердегі бір ғана бақтың тарихын бір қармақ пен қайық берді деп Захарға меншіктеп қойдық. Қазбалап келсек бұл жерде бұрын да бақ болғаны,ол бақта талай мәуелі ағаш өскенін сол заманды көрген анау тастар ғана біледі.
Милана ЕЛЕУСІНОВА Суреттерді түсірген автор