©
Алабарысқа арналған барлығы 80-ге жуық есім келіп түскен. Олардың ішінен шайырлық оқушы ұсынған «Тау Шері» есімі таңдалған. Бұл жөнінде Үстірт қорығы директорының орынбасары Меңдібай Ағиев хабарлады. Желтоқсан-қаңтар айларында Алабарысқа ат қою және оның суретін салудан байқау өтті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы «Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясымен» бірлесіп ұйымдастырған жобаға облыс тұрғындары белсене қатысқан. Мәселен, 80 адам ат ұсынса, 12-16 жас аралығындағы 70 қатысушы салған суреттерін жолдаған. Байқауға Үстірт МТҚ-ның директоры Жалғас Устадов және директордың орынбасары Меңдібай Ағиев және Жаңаөзен қалалық Оқушылар шығармашылық үйінен арнайы шақырылған Мақсат Дауылбаев қазылық еткен. Есімдер қатарында «Симба», «Барбос», «Аланұр», «Тау барысы», «Қар барысы» сынды атаулар болған. Комиссия мүшелері Шайыр ауылынан Омарқызы Әлия ұсынған «Тау Шері» есімін алабарысқа лайық деп тапқан. «Теңбілшер» деген де есім болды. Соңында екі атауды дауысқа сала отырып, «Таушері» басымдыққа ие болып, таңдалды. Түркі тілдерінде арыстан, жолбарыстарға «Шер» деп айтылады. Ш.Мұртазаның «Қызыл жебесіндегі кейіпкер Рысқұл тауда барыспен кездесіп қалады ғой. Сонда сол барысқа қарап «Ей, шер!» деп айтатыны бар. Осындай жыртқыш, тәкаппар жануарларға жақсы мағынада айтылатын атау», - дейді М.Ағиев. [caption id="attachment_72021" align="aligncenter" width="1024"] Суретті Үстірт қорығы ұсынды[/caption] Қорық директорының орынбасары өз мақаласында Маңғыстауда бұған дейін алабарыстар болғанын жазған еді. Еске салайық, 2018 жылдың қыркүйегінде Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы аумағында орнатылған фототұзаққа Қазақстанда алғаш рет Алдыңғыазия алабарысы түсіп қалған. 39 тәуліктен кейін фототұзаққа тағы да алабарыстың фотосы іліккен. Өткен жылдың қараша айында қорыққа алабарысты бақылау мақсатында қосымша тағы 20 фототұзақ орнатылып, арнайы экспедиция ұйымдастырылды. 2019 жыл ақпан айында фототұзаққа түсірілген алабарыстың басқа да фотосуреттері алынды. Байқау жеңімпаздары алдағы уақытта марапатталып, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қорының (АСБК) және Үстірт қорығының атынан сыйлықтар беріледі.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА