leopard алабарыс ат қоямыз

Маңғыстаудағы Үстірт қорығы Алдыңғыазия алабарысына ат қою үшін байқау жариялады. Байқау шарты бойынша қатысушылар алабарыстың суретін салып, атауын ұсынуы тиіс. Айта кетейік, сурет салмағандар да алабарысқа ат ұсына алады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы жариялаған «Алабарысқа ат қоямыз!» байқау оқушыларға арналғанмен, қатысушылардың жасына шек қойылмайды. Яғни, жеңімпаздар  екі  жас санаты бойынша (12-16 жас  және 16 жастан жоғары) анықталады. Байқау жеңімпаздарына ескерткіш сыйлықтар тарту етіледі.

Ең бастысы — жеңімпаз Үстірт қорығының табиғатын тегін тамашалауға мүмкіндік алады!

Қапы қалмаңыз, өтінішті (суретті сканерлеп) 2019 жылдың 25 қаңтарына дейін қорықтың электрондық поштасына Ystyurt-oopt@mail.ru жіберуіңізге болады. Ақпан айында қазылар алқасы байқаудың қорытындысын шығарады.

Қосымша ақпаратты қорықтың сайтынан алуға болады. Үздік суреттер Үстірт қорығының сайтында және Facebook парақшасында жарияланады.

леопард алабарыс Үстірт

Естеріңізге сала кетейік, 29 қыркүйек күні алабарыс Қарақия ауданында орналасқан фототұзаққа іліккен еді. Арада бір ай өткенде 6 қараша күні жыртқыш аң фототұзаққа тағы түскен. Бұл – алабарыс Маңғыстауға тұрақтап қалды деуімізге негіз.

«Қазақстанда алабарыс туралы мәлімет соңғы онжылдықта, 2007-2015 жылдар аралығында Маңғыстау өңірінде тіркелді. Бұл екеуінде де, өкінішке орай, алабарыс белгілі себептермен адам қолымен өлтірілді. Кейбір жорамалдар бойынша алабарыстар көршілес Түрікменстанның Бадхыз және Копетдаг қорықтарынан келуі мүмкін дегенмен, зоолог-ғалым пікірінше, мұндай жиілікте көрінуі оның бұл жерде мекендеу мүмкіндігін де жоққа шығармайды», — дейді Үстірт қызметкерлері.

Өкінішке орай, алдыңғы  азия алабарысы 1989 жылы Қазақ КСР фаунасының генетикалық қоры кітабындағы Қазақстанның жануарлар дүниесі тізіміне де, Қазақстанның Қызыл кітабына да (2010 ж.) енбеген.

«Алабарыстың Үстірт қорығына, жалпы Маңғыстау өңіріне қайта оралуына, мекендеп қалуына үміттенеміз және көпшілікті алабарыс туралы тың жаңалықтармен таныстырып отыруды мойнымызға аламыз», — деп отыр қорық қызметкерлері.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,

Сурет ҚазАқпараттан алынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз