©
2018 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінге дейін Маңғыстау облысында 35 қызылша ауруына күдікті жағдай тіркелген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Маңғыстау облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлшат Шорбасованың айтуынша, 24 жағдай зертханалық түрде анықталыпты. «Аймақ бойынша талдау жасағанда: Ақтау қаласында - 6 жағдай, Жаңаөзен қаласында - 14 жағдай, Түпқараған ауданы - 1 жағдай, Маңғыстау ауданы - 1 жағдай, Қарақия ауданы - 1 жағдай, Мұнайлы ауданында - 1 жағдай тіркелді», - дейді Гүлшат Шорбасова. Ауру жағдайларының 83,3% -14 жасқа дейінгі балалар арасынан анықталған. Тіркелген қызылша ауруларының 70,8 % қызылша қарсы екпемен қамтылмаған адамдар арасынан тіркелді, оның ішінде 50,0% егу жасына жетпеген, егумен қамтылмаған 1 жасқа дейінгі балалар, 8,3% егу деректері белгісіз адамдар, 4,2% егуден бас тартқан және 8,3% медициналық көрсеткіш бойынша екпе алмағандар. Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айында Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы "Маңғыстау облысында балалар арасында қызылша эпидемиясының жайылу қаупі жоқ" деп мәлімдеген еді. Қызылша - ең жұқпалы аурулардың бірі. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Қызылшаның алғашқы белгілері: дене қызуының 38—40°C дейін көтерілуі, мұрын, көз, тамақ қабыну, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады.