©
Бұл жөнінде mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды. Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына «уытты заттан улану» диагнозымен 3 бала жеткізіліп, оның бірі көз жұмған. «26 қаңтар күні шамамен сағат 10:00-де «уытты заттан улану» диагнозымен 3 бала облыстық ауруханаға әкелінді. Өкінішке қарай, 6 жастағы бала есін жимастан қайтыс болды. Қалған екеуінің жағдайы жақсы. Педиатрия бөлімінде жатыр, жандарында аналары бар», - дейді МО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Азамат Сәрсенбаев. Астана арнасының мәліметінше, 7 қабаттағы қос пәтерде жәндіктерді улау нәтижесінде 6 жастағы бала көз жұмып, екі сәби ауруханаға жеткізілген. Сол үйдің тұрғындарының айтуынша, төменгі қабаттағы екі көрші жәндіктерге қарсы өз беттерінше дәрі сепкен. Санитарлық бақылау мамандары баспаналардың бірі дәріні базардан сатып алған дейді. Ал екінші пәтердегілер дәрі себушілерді жалдапты. Бірақ дәрігерлер талдау қорытындысын құпия ұстап отыр. Ал полицейлер қазір оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. «Осы айдың 22 жұлдызында сол жасөспірімдер тұратын үйдің тұрғыны жәндіктерді улау мақсатында үйді улаған. Аталған дерек Ақтау қаласының Полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 104-бабының 1-тармағымен (абайсызда қазаға ұшырату) тіркелді. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - дейді МО Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Мұндай оқиға Маңғыстау облысы аумағында жиі кездеседі. Соның бірі былтыр күзде Мұнайлы ауданында да болып, салдарынан бір бала мен әйел адам көз жұмған. Ол дерек те Мұнайлы ауданы полиция бөлімінің сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 104-ші «абайсызда қазаға ұшырату» бабы бойынша тіркеліп, дезинфекция жүргізген азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған еді.