©
Биыл Атырау мен Маңғыстау облыстарында балық инспекциясы мен полиция қызметкерлерінің қамқорлығымен жұмыс істеген қылмыстық топтардың әрекеттеріне тұзақ салынған. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, жануарлар әлемін сақтауға міндетті уәкілетті және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қылмыс жасау фактілері де белең алған. Бұл туралы заңсыз аңшылықпен күресу шаралары талқыланған жиында айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Бас прокуратурада өткен жиынға ауыл шаруашылығы, ішкі істер, қаржы министрліктерінің, ҰҚК Шекара қызметінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның жауапты тұлғалары қатысты. «Соңғы жылдары елімізде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарларға заңсыз аңшылық жасау оқиғалары жиілеп кеткен. 3 жылда осындай қылмыстық әрекеттің салдарынан табиғатқа келтірілген залал 3,6 млрд. теңге құрады. Киіктерді ату фактілерінің саны өсуде. Тек 2016-2018 жылдардың өзінде 3 мыңға жуық киік атылған», - делінген хабарламада. Бас прокуратураның хабарлауынша, браконьерлердің қылмыстық әрекеті ұйымдасқан түрде және тұрақты сипат алған. Бұған Қарағанды облысындағы «Охотзоопром» РМК инспекторының қаза болуына байланысты оқиға дәлел. Осыған ұқсас оқиғалар бекіре тұқымдас балықтарды аулауға байланысты екен. Мәселен, былтыр заңсыз айналымнан 8 мың кг-ға жуық бекіре алынған, алайда көбі көлеңкеде қалған. Кеңесте құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының әрекеттері тиімсіз екені және заңсыз аң аулауға қарсы күресте кешенді шаралар әзірлеуді талап ететіні атап өтілген. Табиғат қорғау инспекторларын қорғауды қамтамасыз ету және құқықтық мәртебесін бекіту мәселесі де қозғалып, ахуалды жақсарту жөнінде бірқатар ұсыным әзірленген. Жиналыстың нәтижесі бойынша браконьерлердің әрекеттерінің жолын кесуге, биорестурстарды заңсыз сатып алуға, тасымалдауға және оның экспортына жол бермеуге бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленген.