дезинфекция

Кеше 23 қараша күні Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылында оқыс оқиға болып, 5 адам уланып, олардың екеуінің көз жұмғанын хабарлаған едік. Мұнайлы ауданы əкімдігі алдын-ала мәлімет бойынша төтенше жағдай үйді тазалау және дезинфекциялау барысында туындаған деген болатын. Бүгін осы оқиға бойынша өңірлік коммуникациялар қызметіне жедел брифинг өтіп, құзырлы органның өкілдері журналистердің сұрағына жауап берді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Оқиға қалай болған?

Алдын ала мәлімет бойынша оқиға сол тұрғын үйдің 2 подъезіндегі 4-қабатта орналасқан пәтерді улаудың салдарынан туындаған.

«23 қараша күні таңғы сағат 08.40-та Ш.Сүйіндікова есімді науқастың «тамақпен улану» диагнозымен инфекциялық ауруханаға түскені туралы шұғыл хабарлама келіп түсті. Тексеру кезінде науқастың кешкісін қуырдақ жегені белгілі болды. Судың, тамақтың сынамалары алынды. Сол күні 14.20 шамасында инфекциялық ауруханаға сол үйдің басқа пәтерінде тұратын кішкентай қыз баланың түскені туралы екінші хабарлама келіп түсті», — Мұнайлы аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ботагоз Исаева.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары подъезге кірген кезде иісті сезеді. Барлық пәтерді тексеру кезінде осы үйдің 2 подъезіндегі 4-қабатта орналасқан 25-пәтерде 21 қараша күні қандала мен тарақандарға дезинфекция жүргізгені белгілі болады.Қандаланы улаудың салдарынан Мұнайлыда екі отбасы зардап шеккен

«Пәтердің иесі үйінде болмады, біз оны түстен кейін таптық. Дезинфекция жүргізген маман оған пәтерді жауып, уақытша үйден кету туралы нұсқау берген екен. Үй иесі есікті ашқаннан кейін сол жерден ауа сынамасын алдық», — деді Б.Исаева.

Үй иесі дезинфекция жүргізетін «Таракана нет» ЖШС-нің мамандарын интернет арқылы тапқан. Ал улау үшін таблетка түріндегі «Квикфос» атты препаратты пайдаланған.

Кеше оқиға болған 23 қараша күні Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақовтың төрағалығымен барлық құзырлы органдар қатысқан жедел штабтың отырысы өтіп, қадамдық жоспар бекітілген.

Зардап шеккендер кімдер?

Мұнайлы ауданы жедел жәрдем диспетчерінің хабарлауы бойынша, 23 қараша күні сағат 06.38-де Маңғыстау ауылындағы 42 үйдің 5-қабаттағы 15-пәтерінен шақырту түскен. 1989 жылы туылған Шынарай Сүйіндікова есімді тұрғын жедел жәрдем ауруханаға алып бара жатқан жолда (06.49 шамасында) көз жұмған.

«Мұнайлы ауданының жедел жәрдем дәрігерлері шақыртуға дер кезінде барғанымен, өкінішке орай ауруханаға жетпей қайтыс болды. Ш.Сүйіндіковаға алдын ала «тамақпен улану» деген диагноз қойылған, қазір «улану» деген диагноз қойылып отыр. Қалған үш науқастың жағдайы бірқалыпты», — деді Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының директоры Айларбек Шыршықбаев.

Қандаланы улаудың салдарынан Мұнайлыда екі отбасы зардап шеккен

Осы үйдің тұрғыны, 2012 жылы туылған Ғалымжан Сәрсенбай Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне сағат 20.30 шамасында түскен. Қазір жағдайы бірқалыпты.

Қайтыс болғандардың екіншісі — дәл осы 42 үйдің 28-пәтердің тұрғыны, 2016 жылы туылған Феруза Дастанқызы.

«Маңғыстау облыстық балалар инфекциялық ауруханасына 2 жасар бөбек 23 қараша күні сағат 03.20-да түсті. Отбасының айтуынша, кешкісін шабдалы шырынын ішкен. Түнгі 12-лердің шамасында отбасы мүшелері өздерін жайсыз сезініп, бастары айналып, құсқан. Жедел жәрдем балалар бөліміне алып келіп, кезекші дәрігер алғашқы көмек көрсетіп, асқазанын шаяды. Алайда әжесі баланы үйге алып кететін айтып, сағат 07.20-да қолхат жазып, немересін шығарып алды. Инфекциялық бөлімде жатқан баланың ата-анасы да қолхат жазып, үйлеріне кетті», — деді Маңғыстау облыстық инфекциялық аурулар орталығының басшысы Шайхамеден Беркалиев.Қандаланы улаудың салдарынан Мұнайлыда екі отбасы зардап шеккен

Өз пәтеріне оралған отбасы мүшелері түстен кейін өздерін қайтадан жайсыз сезініп, жедел жәрдемді екінші рет шақыртады. Бөбек сағат 14.30-да бірден аурухананың жансақтау бөліміне түседі. Аппаратқа қосылады. Алайда 2 жасар бүлдіршін сағат 17.30 шамасында шетінеп кетті.

«Бөбектің қайтыс болуына улайтын заттың қайтара әсер етуі себеп болуы мүмкін. Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті ауаның, тамақтың, судың сынамасын зерттеп, себебін анықтайтын болады. 23 қараша күні баланың жағдайы бірқалыпты болған, егер әжесі ауруханадан шығарып алмағанда аман қалар ма еді?!»— деді Шайхамеден Беркалиев.

Бөбектің ата-анасы, 1992 жылы туылған Дастан Есжанов пен 1993 жылы туылған Әсел Қайырбаева Маңғыстау облыстық инфекциялық ауруханасына жатқызылған. Ә.Қайырбаева аппараттан ажыратылған, жағдайы бірқалыпты, ал Д.Есжанов қолхат жазып, ауруханадан шығып кеткен.

1961 жылы туылған Жаңыл Сейсенғалиева Маңғыстау облыстық инфекциялық ауруханасына сағат 19.00 шамасында жатқызылған. Жағдайы бірқалыпты.

«Тағы үш адам улануы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылып, жағдайы орташадан жоғары болғандықтан, үйлеріне қолхатпен қайтарылды. Осы №42 үйдің барлық тұрғыны медициналық бақылаудан өткізіліп, аудан дәрігерлері кеше түнде осы үйде кезекшілікте тұрды», — деп мәлімдеді А.Шыршықбаев.

Жергілікті билік зардап шеккен отбасыларға қандай көмек көрсетті?

Оқиға болған күні Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров және оның орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері оқиға орнына барған.

Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Берік Біләловтің айтуынша, Маңғыстау облыстық эпидемиологиялық сараптау орталығының мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оқиға болған үйдің тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылдаған.

«Аудан әкімдігі тарапынан қайтыс болғандардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетілуде. Аталған 42 үйдің 1 және 2 подъезіндегі барлығы 30 пәтердің тұрғыны үйлерін босатты. Маңғыстау ауылында орналасқан №26 жатақханадан бөлмелер ұсынылды. Алайда тұрғындар өз туыстарының үйіне барамыз деп шешкендіктен, жатақханаға ешкім орналасқан жоқ», — деп мәлімдеді Берік Біләлов.Қандаланы улаудың салдарынан Мұнайлыда екі отбасы зардап шеккен

Қазір Маңғыстау облыстық эпидемиологиялық сараптау орталығының мамандары пәтерлерді желдетіп, бөлмелерде ылғалды тазалау жүргізіп жатыр.

Полиция не дейді?

«Аталған дерек Мұнайлы ауданы полиция бөлімінің сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 104-ші «абайсызда қазаға ұшырату» бабы бойынша тіркелген. Дезинфекция жүргізген азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», — деп мәлімдеді Мұнайлы ауданының полиция бөлімі бастығы Рашид Қуандықов.

Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеуге дейінгі амалдар жүргізілуде.

Бірақ құзырлы органдар компанияның дезинфекция жүргізуге лицензиясының бар-жоқтығы, аталған препаратты қолдануға рұқсат етілгендігі немесе етілмегені тергеу барысында анықталатынын хабарлады.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ

Видеоны түсірген автор.

Суретті Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынды 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз