Ақтау қаласында бірқатар коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендетілді. Табиғи монополиялар субъектілері бойынша тарифтерді төмендету және уақытша өтемдік тарифтер енгізу туралы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аймақтық департаментінде өткен баспасөз брифингінде мәлімделді. Коммуналдық қызметтерге қатысты төмендетілген тарифтер туралы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аймақтық департамент жетекшісінің орынбасары Бақыт Бекмұратов айтып берді. «Біз 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларынан бастап тарифтерді түсіру жөнінде қызмет жасап келеміз. Ол туралы ақпарат құралдарында мәлімдедік. Электр энергиясын «МАЭК» 13 теңге 12 тиыннан 11 теңге 64 тиынға түсірді. Яғни 11,3 пайызға түсірді. Ал «АУЭС» мекемесі 21 пайызға түсіріп отыр. Департамент осы бағытта жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде 10 табиғи монополия субъекті коммуналдық қызметтер тарифін төмендетті. Бұның барлығы ерікті түрде жүргізілді. Осылайша 14 қызметке қатысты тарифтер төмендетілді», – дейді Б. Бекмұратов. Бұл кәсіпорындар қатарында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп», АО «Маңғыстау электр желілерін бөлу компаниясы» (МРЭК), «Каспий жылу, су арнасы» (КЖСА), «Дария» МКК, «Өзен жылу» МКК, «Маңғыстау энергия» МКК, «Комуналдық қызмет» МКК. «Электр энергиясына Ақтау қаласы бойынша ең төменгі тариф ҚҚС-сыз – 14,80 теңге, яғни тариф құны 5,2%-ға төмендеді. Бұл тарифте өзге тарифтер жиынтығы көрсетіледі. Яғни «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» тарифі, «АУЭС» компаниясының тарифі және электрмен жабдықтаушы компаниялардың тарифі. Жылумен қамту бойынша тарифтер құны 9,6%-ға, ауыз сумен қамту 4,5%-ға төмендетілді. Ал газ мәселесіне келер болсақ, біз тек жеткізу процесін реттейміз, оның тарифі 2%-ға төмендеді», – деді Бақыт Бекмұратов. Айта кетер жайт, төмендетілген тариф тек жеке тұлғаларға қатысты болмақ, заңды тұлғалар үшін өзгерістер жоқ. Ақтау тұрғындары электр энергиясын да үнемдей алады. Мұндай мүмкіндік үш деңгейлі сараланған тарифтің енгізілуінен туып отыр. «AllianceEnergoSnab-Ақтау» компаниясы үш деңгейлі сараланған тарифті енгізді. Бұл тұтынушыларда қаражатты үнемдеуге, ал мемлекетке электр энергиясын үнемдеуге, сондай-ақ тарифтің 4 пайызға төмендеуіне мүмкіндік берді. «AllianceEnergoSnab-Ақтау» электр жабдықтаушы компаниясы 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Маңғыстау облысында бұл компания электр жабдықтау, жылумен және сумен қамту салаларында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-мен қызмет көрсету келісімі бойынша 2017-2018 жылдары жұмыс жүргізуде. Жаңа жылдан бастап компания электрмен қамту ұйымы қызметін қолға алды. «AllianceEnergoSnab-Ақтау» ЖШС филиалының директоры Абзал Төлемісов жаңа жүйе туралы толығырақ айтып берді. «Біздің компания 2009 жылы құрылды. Электрмен қамту саласында тәжірибеміз көп. Маңғыстау облысында тиісті келісімшарттар жасадық. Біз Ақтау қаласы бойынша электр энергиясын сараланған тариф бойынша бөлетін боламыз. Сараланған электр энергиясы үнемдеуді мақсат етеді. Бұл ретте тұтынушылар қаржысын үнемдесе, мемлекет электр энергиясын үнемдейді. Осыған байланысты тұрғындар кей мәселелерді түбегейлі түсінбегендіктен алаңдаушылық туған. Себебі бұған дейін бұл мәселелер кезікпеген. Біз бұған түсіністікпен қараймыз. Сол себепті құжаттарды қабылдауды 2019 жылдың 1 наурыз күніне дейін создық», – дейді Абзал Төлемісов. Филиал директорының сөзінше, «Дербес деректерді қорғау туралы» заңына сәйкес энергиямен жабдықтаушы компания «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес ұйымынан өз тұтынушыларының дербес деректері туралы ақпаратты тікелей сұратуға құқығы жоқ. Сондықтан тұтынушылар қажетті ақпаратты өздері ұсынулары қажет. Құжаттарды электрондық форматта компанияның aes-aktau@mail.ru поштасы арқылы жіберу арқылы жүзеге асырылады. Егер тиісті құжаттар ұсынылмаса, қаңтар-ақпан айларының есепшоттарында (жировкаларда) тұратындардың санына қарамастан, тұтынылған электр энергиясы үшін бірінші деңгейдегі (ең төмен) 16,58 теңге кВт/сағ.тарифы қолданылатын болады. Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасы басшысы Жандос Салимовтің айтуынша, көтерілген тақырып төңірегінде халықтан сауалдар келіп түскен. Тұрғындар негізінен «электр энергиясына төленетін ақы көтерілмейді ме және сараланған тарифтердің сапа жағы қандай болады?» деген мәселелер қызықтырған. «Бұл электрмен қамту ұйымының әлеуеті, қызметі электр энергиясы жеткізудегі сапаны жақсартуға бағытталады. Келісімшарттарға сәйкес «AllianceEnergoSnab-Ақтау» компаниясы толықтай барлық шарттарды, сондай-ақ оперативтік режимдерді, электр энергиясын жеткізу бойынша тапсырмаларды орындауға міндетті», – деп атап өтті Жандос Салимов. «AllianceEnergoSnab-Ақтау» басшылығы пәтерде тұратын адамдар саны туралы толық ақпараттарға ие еместігін және мұндай деректер сұратуға құқылы еместіктерін түсіндірді. Бұл ретте сұратылатын құжаттар – өтініш, отбасы мүшелерінің мекенжай анықтамасы, сондай-ақ пәтер иесінің немесе тіркелген құқықты тұлғаның жеке куәлік көшірмесі. Бұл құжаттарды 1 наурызға дейін тұтынушыларға қызмет көрсету орталығы орналасқан 10-шағынаудан, 1-үйдегі мекенжайға өткізуі тиіс. Электр қуатын пайдаланған үшін төлем бұрынғыдай есептеу касса орталықтарында, сондай-ақ терминалдар мен электронды қосымшалар арқылы жүргізіледі. Ал тұтынушылар құжаттары жиналғаннан кейін пәтерде тұратын адамдар саны толтырылып, компанияға өтініш жіберіледі, осының негізінде электр энергиясын тұтыну есебі жүргізілетін болады. Баспасөз брифингінде қаңтар айында тұтынушылар желтоқсан айының төлемін жасайды, ал төмендетілген тарифтер 2019 жылдың қаңтар айынан бастап есептеліп, оның төлем есебі ақпан айында жіберілетіні хабарланды.
Жайық НАҒЫМАШ