Астана күніне орай «Арнау» деген атаумен Димаш Кұдайбергеннің концерті өтеді. Концерт 4-5 бөлімнен тұрады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Қазақстан» ұлттық арнасына сілтеме жасап. Брифингке «Қазақстан» РТРК АҚ төрағасы Ерлан Қарин, Димаш Құдайберген және Қанат Айтбаев қатысты. «Біз өз тарапымыздан талантты жастарды қолдауға әрқашан дайынбыз. «Арнау» атты шығармашылық концертін Димаш Астана күніне арнамақ. Ауқымды музыкалық шоу қазақстандықтар мен мыңдаған шетелдік өнерсүйер қауымды Астана төрінде жинайтын болады»,- деді Басқарма төрағасы Ерлан Карин. Бағдарламада қазақтың халық әндері, отандык және шетелдік композиторлардың шығармалары орындалады. Яғни қазақ, ағылшын, француз, орыс, итальян тілдерінде ән шырқалмақ. «Алдағы концертімді біріншіден қазақ халқына арнағым келеді. Бұл менің Астана күні мерекесіне арнайы тартуым болмақ. Жеке концертімді өткізуді бұрыннан бері ойлаған болатынмын, енді сәті туып отыр», - дейді әнші. Концерттің бүкіл ұйымдастыру, түсірілім жұмыстары, жалпы, ақпараттық қолдауды «Qazaqstan» ұлттық арнасы көрсетеді. Қазір дайындық жұмыстары басталып кеткен. Айта кетейік, екі жыл бұрын Астана төрінде Димаштың «Бастау» атты шығармашылық кеші өтті. Сондай-ақ Ұлыбритания астанасы Лондонда да концерті өтті. Оған әлемнің 45 елінен тыңдарман жиналған.