Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен, мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белгілі ақын, Махамбет сыйлығының иегері Оңайгүл Тұржанның шығармашылығын насихаттау мақсатында облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының үлкен залында «Дала, сенің қараймын қабағыңа...» атты поэтикалық кеші өтті. Киелі өлең сиқыры арқылы бірде Тәңірілік тотемнің иесі көк бөрі ұрпағына үн қатса, енді бірде балбалдармен тілдеседі. Туған теңіздің терең тылсымына бойлап, балалық бал дәуреннің бейкүнә сәттерін сағынышпен сөйлетеді. Бейбіт өмірдің бізге оңай келмегенін майдан даласында бір қолын қалдырып келген әкенің рухына тағзым ету арқылы ұғындырып, елдік мұратты бәрінен биік ұстауды ұрпаққа аманаттайтын ақын кешінде әсерлі музыкамен әр берілген бейнелі сөздер сахна қойылымына айналып, слайдтармен безендірілген экран көрермен көңілін жаулап, рухани сезімдерін сергітті. Көрермен халық рухани кеште театр әртістерінің орындауында «Ауылды сағыну», «Жаһандану», «Қайда зытып барасың, құмай заман», «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Медғат Өмірәлиевтің оқуында «Рухпен тілдесу», Райса Сейтбекова, Майра Бақбердиева, Нұргүл Орынбаевалардың орындауында «Құмдар философиясы», ақынның сөзі мен әніне жазылған «Құмдар әнін» Рамазан Ақтаевтың, «Көкбөрілер жырын» театр әртістерінің сүйемелдеуімен Айбек Иманқұловтың орындауында тыңдап, тамашалады. Ақынның әні мен сөзіне жазылған «Қазақ елім» әнін Айгүл Қосанова, «Каспий және суын жылқыларды» Кенжебек Башаров, «Сағынардай не бар сол Уәліде?», ақын сөзіне жазылған Ерекен Қорабаевтың «Нарлы мекен» әнін Марат Сафаров, «Мен сағындым, ал сен ше, айналайын?», «Ойпыр-ай, біз өлермен ек не деген?» Сағадат Сейтқожаева мен Нұрлыбек Жұмабеков, «Заулай ұшып барады құстай жалған», «Ленинград», «Амазонкалар», «Ақтау», «Маңғыстау» туралы толғаулары, «Елбайдың өсиеті», «Азаттық жыры», ақын сөзіне жазылған «Қара жорға» әнін Тамара Асар орындады. Кеш соңында сөз алған аймақ басшысы Ералы Тоғжанов: – Қайырлы кеш, қадірлі ағайын! Бүгін бәріміз бір тамаша кештің куәсі болып отырмыз. Оған себеп – бір ғана адам. Қазақ даласының ерке қызы, ерекше қызы, ақиық ақыны деп айтсам артық емес. Қара нар Әбіш ағамыздың, ақиық ақын Фариза апамыздың ізін басып келе жатқан Оңайгүл Тұржанның ерекше кеші деп айтсақ артық емес деп ойлаймын. Апамыздың кеші Астанада өткенін бәріңіз жақсы білесіздер. Бүкіл ел жиналды, басқаша болуы мүмкін де емес еді. Неге десеңіздер қыз жүрегі нәзік, ерекше талғам иесі, халыққа өте жақын болады. Ал ол жүрек елге деген, жерге деген сүйіспеншілігін поэзияға айналдырып отырса, оған кім келмейді? - деп тебірене сөйлеп, театр төрінде отырған қазақтың тұлғалы жазушысы Төлен Әбдіков бастаған қонақтарға рақметін айтты. Сөзінің соңында: – Өзін тәрбиелеп өсірген Маңғыстаудың әрбір демін сезіп отыратынына көз жеткіздік. «Апамыздың ауылға келгенде тұратын өзінің баспанасы болуы керек қой» деп халық атынан сый-сияпаты ретінде ақынға камзол кигізіп, пәтердің кілтін ұсынды. Көпшілік әкімнің ақынға деген ықыласын қызу қолшапалақпен білдірді. Қонақтар арасынан құттықтау сөз алған жазушы, драматург, қоғам қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлен Әбдік: – Қадірлі ағайын, бір тамаша кешті көрдік. Бұл– поэзия деген сиқырлы әлем. Сол поэзияны жасайтын ақындар деген халық бар. Қазақтың аса бір талантты қызы, аяулы ақыны Оңайгүлдің кешін қызықтадық. Оңайгүлдің өлеңінде бәрі бар! Қайтпас қайсар мінез де бар, сыршылдық та бар, нәзіктік, елге, жерге деген сүйіспеншілік осының бәрі бар. Өзі жақсы ақын болу үшін жақсы өлең жазу, жақсы ұйқас құру аз, ақынға үлкен дүниетаным керек, үлкен көзқарас, азаматтық позиция керек. Мен бүгін Оңайгүлдің бойынан осыны көріп отырмын. Табиғатты жырлай ма, сағынышын жырлай ма, ішіндегі көңіл күйін айта ма, соның бәрінде де бір әлеуметтік мотив көрінеді... Жақсы адамның әлемі таусылмайды. Әр жыл сайын әр қыры ашылып отырады, – деген жазушы одан әрі Оңайгүлдің екінші бір ғажап қыры ақындығының сыртында ғалымдығы екенін, Махамбеттің поэзиясын талқылап, олай жіліктеген ешқандай монографияны көрмегенін, халықтың руханиятын байытатын осындай кештің керектігін айтып «Жанның азығы – руханият»,– деп тамаша кешті ұйымдастыруға себеп болып, руханиятқа қолдау көрсетіп отырған облыс әкіміне алғыс білдірді. – Кешті көріп отырып ойымнан Махамбет кетпеді. Бізден кейінгі ұрпаққа да Махамбет поэзиясы азық бола алады. Осы Махамбеттің рухы Оңайгүл поэзиясында бар деп айта алам, бақытты бол айналайын! – деп сөзінің соңында Төлен Әбдік ақын қарындасына тілек арнады. Облыс әкімі атынан ықылас гүлі әкелінгесін, кеш иесі сөз алды. – Өлеңге құрмет көрсету – ата-бабамыздан келе жатқан салт еді, бірақ соңғы жылдары сол салтымызға әртүрлі себептермен көлеңке түсті. Сол көлеңкеде қалып қойған поэзиямызды жарыққа алып шығу, соған қызмет ету – жаратқанның ерекше қасиеті деп білем. Ералы Ұлықпанұлы маған сіздің поэзия кешіңізді өткізейік деп, ұсыныс білдіргенде мен таңғалдым және шынымды айтсам, қатты қуанып кеттім. Поэзияны халықтың алдына алып шығуға деген үлкен ниеттің болуы – осы тұлғаның бойындағы ерекше қасиет деп білем. Сіздің поэзияға деген құрметіңіз үшін мың алғыс! Мұнай қазған әкімдер бар. Әрине, ол да керек, бірақ Маңғыстаудың тарихын қазам деген әкім өзіңіз Ереке!–деп өңір басшысына алғыс айтып, Ералы Лұқпанұлы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деген бастамасын іліп әкетіп, «Маңғыстаудың жеті қыры» деген жаңа бағдарлама жасап соған кірісіп жатқанын, оның үлкен мәселе екенін, жеті қырымыз ашылса бізді «Тарихыңыз жоқ» деп ешкімнің басына алмайтынын айтып, көпшілікке поэзияны түсінетін халық тұрғанда қазақты ешкім тұқырта қоймас деген ойын жеткізді. Жиналып келіп менің поэзияма қошемет көрсеткен халыққа алғыс айтам, – деген кеш иесі кештің өтуіне көмекші болып, өлеңін сахнаға алып шығам деп алысып, көп еңбек сіңірген Н.Жантөрин атындағы театр ұжымына, Гүлсина Мерғалиеваға алғыс айтып, Астанадан арнайы келген әнші сіңлілері Айгүл мен Тамараға, Марат Сафаровқа апалық тілегін білдірді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН